Сенаторлар су арқылы тарайтын ауруларды қадағалауды реттейтін заңды талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар су және денсаулық проблемалары, «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі көзделген заңдарды талқыға салады.
Айта кетейік, 24 қарашада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтіп, онда бүгінгі отырыстың күн тәртібі айқындалған болатын.
Соған сәйкес, сенаторлар «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Бұл құжатты осы жылдың 15 қазанында Мәжіліс ратификациялаған болатын.

Хаттама 1999 жылы 17 маусымда Лондонда қабылданған. Мақсаты – су ресурстарын орнықты басқару есебінен халықтың денсаулығын қорғап, әл-ауқатын арттыру, сумен байланысты аурулардың таралуын болғызбау және шектеу.
Қазақстан бұл хаттаманы ратификациялау арқылы мойнына мынандай міндеттемелер алады:
- сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу;
- сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйесін құрып, жетілдіру;
- төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеу;
- халықты қолданыстағы санитариялық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту;
- шешім қабылдау процесіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңінде халықтың хабардар болуын арттыру;
- су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Сондай-ақ, бұл хаттаманың ратификациясы Қазақстан үшін қауіпсіз ауызсу дайындау, сарқынды суды кәдеге жарату саласындағы озық технологиялар мен білімге жола ашады.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда палата отырысына шығарылып отыр. Бұл заңды да Мәжіліс 15 қазанда қабылдаған еді.
Келісімге 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойылған. Құжатты ратификациялау Қостанай филиалының жұмысына құқықтық негіз беретінін және жоғары білім саласында елдер арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Филиалда оқыту Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына және Ресейдің федералдық мемлекеттік талаптарына сәйкес қазақ, орыс және басқа тілдерде жүргізілетін болады. Қаржыландыру университеттің өз қаржысы есебінен жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетсек, Премьер-министр Олжас Бектенов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Үкімет мүшелері қатысқан Сенаттың өткен аптадағы жалпы отырысында еліміздің маңызды қаржы құжаттары – «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдар қаралған еді.
Бірінші заң бойынша негізгі баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринің дерегінше, жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау үшін жергілікті бюджеттердің кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 12,1 трлн теңге, 2028 жылы 13,3 трлн теңге мөлшерінде болжанды.

Шығыс 2026 жылы 14,9 трлн теңге, 2027 жылы 17,3 трлн теңге және 2028 жылы 18,7 трлн теңге болды. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде нысаналы мақсатын сақтайтын ағымдағы нысаналы трансферттер ескерілді.
Сонымен қатар ол 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететінін, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болатынын атап өтті.
- Біздің бағалауымызша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Өңірлердің базалық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін даму бюджеті бойынша өңірлердің нысаналы көрсеткіштерінің мәндерін есептеу Өңірлік стандарттар жүйесінің нәтижелері ескеріліп жүзеге асырылатын болады. Бұл үшін даму бюджеті жыл сайын ұлғаяды: 2026 жылы 1,8 трлн теңге, 2027 жылы 3,2 трлн теңге және 2028 жылы 4,1 трлн теңге. Үш жылда барлығы 9,1 трлн теңге. Даму бюджетіне салынған қаражатты ескерсек, өңірлік стандарттар жүйесін қамтамасыз ету көрсеткіші 69,2%-ды құрайтын болады, — деді министр.

Екінші заң бойынша баяндама жасаған Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, республикалық бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отыр. Осы саладағы шығыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар құрылымдық реформалар жүргізілді:
- адами факторды барынша азайту мақсатында төлемдерді тағайындау цифрлық тетіктерге көшірілді;
- медициналық көмектің жекелеген түрлері тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне алмастырылды. Бұл бюджетке жүктемені оңтайландырып, медициналық қызметтермен қамтылуды кеңейтеді.
- мәдениет нысандарының кірістерін арттыру жолымен оларды өзін-өзі өтеуге ішінара ауыстыру жоспарланды.
- Осылайша, 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,8 трлн теңге бағытталатын болады, оның ішінде 6,8 трлн теңге – әлеуметтік төлемдер және 4 трлн теңге – адами капиталға арналған инвестиция. Экономиканың нақты секторын дамыту да маңыздылығы жағынан кем түспейтін басым бағыт. 2026 жылы нақты секторды дамытуға 3,6 трлн теңге бөлінді. Сондай-ақ, бүгінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - елдің қорғаныс қабілеті мен күш-қуат әлеуетін нығайтуда өте маңызды. 2026 жылы күш блогын қаржыландыруға 3,1 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл осы жылмен салыстырғанда 379 млрд теңгеге артық. Бұл тұрғыда 2026 жылғы қорғаныс шығыстары жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын құрайды, - деді вице-министр.

Сенаторлар Республикалық бюджет туралы заңды талқылау кезінде өңірлердің дамуына одан әрі жәрдемдесу үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, депутаттар жылумен жабдықтау жүйелерін қаржыландыруды 37,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды. Оның ішінде 2026 жылы 9,8 миллиард теңге қарастырылған. Жылу, электр энергетикасын дамытуға жұмсалатын шығындар 7,7 миллиард теңгені құраса, оның 4,7 миллиарды келесі жылға көзделген.
Сенаторлардың ұсыныстарына сәйкес 2026 жылы су ресурстарына және газ тасымалдау жүйесін дамытуға жұмсалатын шығыстардың жалпы көлемі де өседі. Бұл сома тиісінше 2,3 миллиард теңге және 5,5 миллиард теңгеге тең болмақ. Осы кезеңде жағалауды нығайту жұмыстарына – 2,2 миллиард теңге, ал өнеркәсіп салаларының дамуына жәрдемдесуге 1,5 миллиард теңге бөлінді.
Талқылау қорытындысында сенаторлар екі заңды да концептуалды түрде қолдады. Алайда, оларға бірқатар өзгеріс енгізіп, заңдарды өз түзетулерімен Мәжіліске қайтарды.