Сенаторлар Жамбыл облысындағы индустриялық инфрақұрылым қалыптастыру мәселелерін талқылады (ФОТО)

29 мамырда ҚР Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Тараз қаласында индустриялық инфрақұрылым қалыптастыру және «Қазфосфат» ЖШС үлгісінде химия өнеркәсібі мен «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағы жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.
Отырысқа Парламент Сенатының депутаттары, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Жамбыл облысының басшылығы, өңір активі, Бірлескен химия компанияларының өкілдері, химиялық кәсіпорындардың басшылары мен басқа да мүдделі адамдар қатысты.
Отырысты аша келіп, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында еліміздің экономикалық саясатының негізгі бағыттары белгіленгенін атап өтті.
Инфрақұрылымның барлық түрлерін одан әрі дамыту, бұл ретте индустриялық-инновациялық даму аясында химия өнеркәсібін өркендетудің маңызы зор.
«Осыған байланысты, индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында Жамбыл облысы ұлттық химия өнеркәсібінің орталығына айналуы тиіс екенін атап өту қажет», - деді Т.Абайділдин.
Сенатор бұл кездесудің мақсаты облыстағы оң тәжірибемен танысу, сондай-ақ аймақтағы индустриялық-инновациялық қызмет барысында туындаған мәселелерді зерделеу және заңнамалық тұрғыда қолдауды талап ететін мәселелердің шешімін табу екенін айтты. Қазақстандағы өндірістің барлық салаларында экономикалық дамуында химия өнеркәсібінің рөлін атап өте келіп, Т.Абайділдин химияның жетістіктері машина жасау, автомоблиль құрастыру, әуе кемелерін жасау, энергетика, орман шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы секілді салалардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтынын айтты. Инвестиция және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы А.Ержанов химия өнеркәсібінің жағдайы мен келешектегі дамуы туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті. Жамбыл облысындағы химия өнеркәсібінің дамуы туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы А.Мәдиев егжей-тегжейлі баяндады. Кездесуде сондай-ақ, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М.Ескендіров, «Еурохим-Тыңайтқыш» ЖШС бас директоры Д.Валышев, «Тараз химия паркі» ЕЭА басқармасының төрағасы А.Әбжаппаров, «Қазхиммонтаж Холдинг» АҚ вице-президенті Е.Орынбаев, «Қазазот» ЖШС бас директорының орынбасары Т.Нагуманова сөз сөйледі. Кездесуді қорытындылай келіп, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Т.Абайділдин бұл талқылау индустриялық инфрақұрылым қалыптастыруға және химия өнеркәсібін дамытуға байланысты кешенді мәселелерді іске асыруда жұмыстың тиімділігін арттыруға қызмет ететінін айтты. Одан басқа, Химиктер күні қарсаңында аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары М.Сәрсенов, Т.Исаев және Н.Прекешовке Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың атынан Парламент Сенатының Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, облыстағы химия саласының кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесулер болып, онда Сенат депутаттары еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге қатысты көптеген сауалдарға жауап берді.