Сенаторларды шалғай ауылдардағы интернеттің сапасы алаңдатып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Сенатында ауылдық аймақтардағы интернетке қолжетімділік мәселесі талқыланды.

Интернет ауылдарда бар. Бірақ көбіне қажет парақшалар ашылмайды, керекті құжаттар жүктелмейді. Тұрғындар онлайн қызметті емес, сигнал ұстаса қуанатын күн кешіп отыр.
Ірі байланыс операторлары магистралдық желіні шалғай өңірлерге дейін жеткізген. Алайда бұл желіні әр үйге қосу -жергілікті шағын провайдерлердің міндеті. Ал олардың айтуынша, көтерме тариф тым жоғары, ал жеке инвестиция салуға тәуекел ететіндер аз. Мемлекеттік қолдау болмаса, бұл жұмысты жалғастыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан сала өкілдері нақты қаржылай ынталандыру тетіктерін қарастыруды сұрайды.
- Мәселе мынада, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ірі операторлар оптика тартты. Бірақ кіші провайдерлерге не қолжетімсіз баға қояды, не мүлде рұқсат бермейді. Бұндай жағдайда ауылда жұмыс істеуді экономикалық тұрғыда тиімсіз етеді, - дейді Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельянов.
Байланыстан бөлек, телехабар таратуда да мәселе шаш етектен. Шекараға жақын орналасқан ауылдардың көбінде отандық телеарналар мүлде көрспейді. Жерігілікті халық ресейлік, өзбек немесе қытай арналарын көруге мәжбүр. Мұндай жағдай көрерменнің ақпараттық кеңістіктен алыстап, отандық контенттен тысқары қалуына әкеледі. Сондықтан бұл салада да техникалық қамтуды қайта қарап, нақты шаралар қабылдау қажет, дейді депутаттар.
– Олжас Қыдырбекұлы, сіздер жассыздар. Мұндай мәселеге «бізге қатысы жоқ» деп қарауға болмайды. Бір үкіметте отырсыздар! Бұл – елдің ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Шекаралық ауылдарда қазақстандық арналар көрсетпей, тек өзге елдердің арналары көрсетсе – бұл үлкен мәселе. Соны сіздер көтерулеріңіз керек! – деді сантор Әли Бектаев.
Қолданыстағы заңнама телеөнімдердің тілі мен мазмұнына белгілі бір талаптар қояды. Бірақ шетелдік арналардың бақылаусыз таралуы бұл талаптардың сақталуына кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар, елге телехабар таратуға арналған шетелдік құрылғылар лицензиясыз еніп жатыр екен. Бұл өз кезегінде техникалық қауіпсіздікті әлсіретіп, отандық нарықты бәсекесіз қалдыруы мүмкін. Сондықтан мәселе жақын арада күн тәртібінен түспек емес.
Осыған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылды интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасасқаны туралы жаздық.