Сенатта 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу есебі таныстырылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009 жылғы бюджетті атқару барысындағы мемлекеттің экономикалық саясаты теңдестірілген экономика өсімін қолдауға, стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталды. Сонымен бірге, есепті кезеңде дағдарыстың жағымсыз салдарын азайту, сондай-ақ келешектегі сапалы өсімді қамтамасыз ету мақсатында қаржы жүйесі мен экономиканың тұрақтылығы үшін қосымша дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғаны белгілі. Бұл үшін Ұлттық қор мен бюджеттен 1,2 трлн. теңге бөлінді», деді Қаржы министрі Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, былтырғы жылы ең төменгі өмір сүру көрсеткіші мен ең төменгі жалақы және зейнетақы мен жәрдемақыларды қоса алғандағы көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға өсіп, ең төменгі зейнетақының мөлшері 25 есеге артқан. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде зейнетақылық салымдар мен жинақтаушы зейнетақы қорларына толықтай кепілдік жасалды.
«Есепті кезеңде нақты есептелген жалпы ішкі өнім өсімі 2008 жылмен салыстырғанда 101,2 пайызды құрады. Бұның ішінде өнеркәсіптік өндіріс 1,7 пайыз, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі - 113,8 пайыз, байланыс пен қызмет көрсету ауқымы -10,8 пайызды, сондай-ақ жыл бойындағы орташа инфляция деңгейі - 7,3 пайызды құрады», деді Б. Жәмішев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні мемлекетіміз дағдарыс кезеңіндегі даму үшін іргелі негіз қалайтын орташа ұзақ мерзімді фискалды тұрақтылықты сақтап қалды деп толық сеніммен айтуға болады.