Сенатта босқындар мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша дөңгелек үстел отырысы болды

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасындағы босқындар мәселелерін халықаралық тәжірибеге сәйкес заңнамалық қамтамасыз ету (жай-күйі мен перспективалары)» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды.

Сенатта босқындар мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша дөңгелек үстел отырысы болды

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен БҰҰ Жоғары Комиссарының Босқындар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстелді аша келіп, Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Ақан Бижанов аймақта және әлемде болып жатқан көші-қон үдерістері барысында талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Орталық Азия мемлекеттері ішінде келген көшіп-қонушылардың саны бойынша Қазақстан алғашқы орындардың бірін иеленетінін атап өте келіп, сенатор босқындар құқықтарын қорғау және халықтың көші-қон үдерістерін реттеу мәселелеріне тоқталды.

2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Босқындар туралы» заңда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға баспана, сондай-ақ босқын мәртебесін беру мәселесі реттелген болатын. Сонымен қатар, баспана іздеп жүрген адамдарды заңмен қорғау қарастырылып, Қазақстан аумағындағы босқындардың құқықтары мен міндеттері бекітілді.

Қазақстандық заңнамаға сәйкес, босқындардың дәрігерлік көмек қызметін алуына, еңбек етуге, кәсіпкерлік қызметке, мүлікті және мүлікке жатпайтын игіліктері мен құқықтарын сотпен қорғануға құқықтары бар. Халықаралық құқық ережелері негізінде Қазақстанда босқындардың балаларына, оның ішінде жолақы құжаттарын беруге қатысты арнайы ережелер енгізілді.

Сонымен бірге, сенатор А.Бижанов осы саладағы халықаралық тәжірибеге сәйкес және отандық тәжірибені ескере отырып, құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселесі Қазақстан Республикасы Парламентінің ұдайы назарында екенін атап өтті.

Талқылау барысында сөз алған БҰҰ ЖКББ Орталық Азиядағы Аймақтық үйлестіруші С.Азам босқындар туралы ұлттық заңнаманы Босқындар мәртебесі туралы 1951 жылғы конвенцияның ережелері мен халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруге назар аударды.

БҰҰ ЖКББ Орталық Азиядағы Аймақтық Өкілінің орынбасары Ф.Ремус ұлттық заңдар мен заңнан кейінгі актілерді азаматтығы жоқ адамдарды қысқарту, босқындардың қоғамға кіріктіру, тіркеу, азаматтығы жоқ адамдарды қорғау және әлеуметтік көмек көрсету  мәселелері бойынша жетілдіру жайында ұсыныстарын айтты.

Отырыста ішкі істер министрінің орынбасары К.Тыныбеков, ІІМ Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы П.Нокин, ЖКББ халықаралық қорғау департаменті штаб-пәтері директорының орынбасары Д.Маршалл босқындар құқықтарын заң бойынша қорғау, халықаралық стандарттар мен ұлттық құқықтарды үйлестіру мәселелері туралы өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел отырысын қорытындылай келіп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов мемлекеттік көші-қон саясатының құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдіру үшін талқылаудың маңыздылығын атап өтті.