Сенатта Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының отырысы болды

Отырысқа қатысушылар - Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан парламентшілері, сондай-ақ ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері түркітілдес мемлекеттердің мәдени-рухани байланыстарын одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.
Отырыста сөз алған Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының төрағасы Ғарифолла Есім былтырғы қазан айында Алматыда болған түркітілдес елдер Ынтымақтастық кеңесі алғашқы саммитінің нәтижелеріне тоқталды.
Атап айтқанда, саммитте Президент Н.Назарбаевтың қазіргі заманғы түркі әлемінің даму мәселелерін талқылау жөніндегі 2012 жылы Түркістанда симпозиум өткізу, сондай-ақ Әзірбайжан Президенті И.Алиевтің түркітілдес мемлекеттердің мәдени қорын құру туралы бастамалары қолдау тапқан болатын.
Отырысқа қатысушылар назарына қазақстандық тараптан ұсынылған «Білге-Қорқыт» бағдарламасы Тұжырымдамасының жобасына қатысты Ғ.Есім оның мазмұнына тоқталып, жүзеге асыру жайында өз ойларын ортаға салды.
Қазақстандық парламентшінің айтуынша, бағдарламаны іске асыру түркітілдес халықтардың мәдени, ғылыми және гуманитарлық саладағы байланыстарын дамытуды саралауға, түркілік ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге қосылған маңызды үлес болып табылады.
Бұл бағдарлама аясында Түркі академиясында (Қазақстан), Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан университеттерінде түркология саласы бойынша магистрлар даярлау қарастырылған. Осыған байланысты Ғ.Есім еуропалық елдерде табысты жүзеге асып келе жатқан «Эразмус-Мундус» мәдени-білім беру бағдарламасы туралы еске салды.
Отырыста сөз алған парламентшілер М.Аташ, С.Валиева, Н.Джафаров, К.Огут түркі әлемінің тұтастығын сақтау, жалпы әлемдік өркениеттің маңызды бөлігі - түркі өркениетінің мәдени-рухани құндылықтарын зерттеулерін қажеттігіне назар аударды.
Отырысқа қатысушылар «Білге-Қорқыт» бағдарламасы Тұжырымдамасының жобасын мақұлдай келіп, оны одан әрі жетілдіру жайында айтты.
Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының кезекті отырысын алдағы жылы Бішкекте өткізу жоспарланды.