Сенатта жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Жанболат Жөргенбаев өзінің депутаттық сауалында су қауіпсіздігі саласындағы стратегиялық қауіптер туралы айта келіп, климаттың өзгеруі, су қорының азаюы және трансшекаралық өзендерге тәуелділік жағдайында жерасты су ресурстарын жеткіліксіз пайдалану мәселесіне назар аударды.
— Қазақстан аумағында өнеркәсіптік жерасты сулары анықталғанымен, олардың әлеуеті экономикалық айналымға толық енгізілмеген. Қазақстан Республикасында жерасты суларының бекітілген эксплуатациялық қорлары тәулігіне шамамен 43,1–43,2 млн текше метрді құрайды, алайда іс жүзінде осы көлемнің небәрі 3-4 пайызы ғана пайдаланылып жатыр. Бұл жерасты су ресурстарының елеулі бөлігінің экономикалық айналымнан тыс қалып отырғанын және оларды басқару жүйесінің жеткіліксіздігін көрсетеді», — деді Ж. Жөргенбаев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Депутат осыған байланысты жерасты суларын барлау және пайдалану саласындағы мекемеаралық үйлестіруді күшейтуді, автоматтандырылған технологияны пайдалана отырып ұлттық мониторинг жүйесін құруды ұсынды. Мұнымен қоса, гидрогеологиялық деректер мен онлайн-бақылауды кіріктіріп, «Water Base» цифрлық платформасының толыққанды іске қосылуын қамтамасыз ету туралы ойларын ортаға салды.
Одан басқа, гидрогеология саласында кадрларды даярлау және тарту бойынша жүйелі шаралар қабылдау, ұңғымаларды бұрғылау мен пайдалануды бақылауды күшейту, сондай-ақ ғылыми негізделген ұлттық тұжырымдаманы және жерасты су ресурстарын басқару жөніндегі жекелеген мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл еліміздің су-энергетика ресурстарының картасы әзірленеді.