Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде 2 заң жобасы қаралды

АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы демократиялық үдерістерді ілгерілетуге, Қазақстан саяси жүйесін одан әрі дамытуға және қоғамдық қатынастардың барлық салаларында саяси партиялардың рөлін арттыруға, сондай-ақ саяси партиялардың іс-қимылында ұйымдастыру-құқықтық мәселелерін жетілдіруге бағытталған. Заң жобасы саяси партияларды тіркеу рәсімдерін оңайлатып, саяси партияны тіркеу үшін талап етілетін жақтастар санын 50 мың адамнан 40 мың адамға дейін азайтуды, аймақтық талапты 700 ден 600-ге дейін төмендетуді қарастырады. Саяси партияның құрылтай съезі (конференциясы) өткеннен кейін мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды ұсыну мерзімі екі айдан төрт айға дейін көбейтілді. Заң жобасында партияны құру жөніндегі ұйымдастыру комитеттерінің (бастамашыл топтардың) мәртебесі мен қызметінің мерзімін реттеу мақсатында саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) әзірлеу және оны өткізу үшін ұйымдастыру комитетін құру міндеттілігі қарастырылады. Заң жобасы сондай-ақ азаматтарға немесе ұйымдарға халықаралық немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан грант немесе басқа да құралдарды алуға, саяси партиялар мен олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдар мен өкілдіктерге) аударымдар беруге тиым салатын толықтыру ұсынады. Конституция мен Бюджет кодексінің ережелеріне сәйкес келтіру үшін «Саяси партиялар туралы» заңның 18 бабының 1 тармағы саяси партияның қаржы көзі ретінде бюджет қаржысын қарастыратын жаңа 4 тармақпен толықтырылып отыр. «Саяси партиялар туралы» заң сондай-ақ соңғы сайлау қорытындысы бойынша бюджет қаржысымен Мәжіліске өткен саяси партияларды қаржыландыру тетіктерін реттейтін жаңа 18-1 баппен толықтырылды. Отырыста «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы да талқыға салынды. Бұл заң жобасы өткізілген сайлау науқандарына жасалған талдау ескеріле отырып, сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Онда бір партиялы Парламент Мәжілісін қалыптастыру мүмкіндігін болдырмайтын құқықтық тетікті енгізу көзделеді. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының жеті пайызын бір саяси партия ғана алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге аталған саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының одан кейінгі ең көп санын жинаған партияның партиялық тізімі жіберіледі. Егер аталған Конституциялық заңның 97-1-бабының 3-тармағына сәйкес жасалған іс-қимылдан кейін бөлінбеген мандаттар қалса, онда мандаттарды қайтадан бөлу жүргізіледі. Бөлiнбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлу нәтижесiнде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлiгiне (қалдығына) ие болған партиялық тiзiмдерге бiр-бiрден берiледi. Ең көп қалдық тең болған жағдайда басымдық бұрын тiркелген партиялық тiзiмге берiледi. Бұл норма сайлау қорытындысына қарамастан Парламент Мәжілісін кемінде екі саяси партияның қатысуымен қалыптастыруға кепілдік береді, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұсынымын іске асырады. Заң жобасымен Республика Орталық сайлау комиссиясының сайлау туралы заңнаманы түсіндіру, тек саяси партиялардың өкілдерімен ғана емес, сонымен бірге сайлау үдерісінің басқа да қатысушыларымен семинарлар өткізу, дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін жасауды ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктеріне қатысты түзетулер енгізіледі. Сайлау науқанын жазып-көрсету кезінде барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, сайлау комиссияларының оларды тіркеуі туралы ақпаратты баспасөз бетінің орны, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей тарату міндеттілігі белгіленеді. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, сот кінәлі деп таныған адамдардың сайлау үдерісіне қатысуына тыйым салынды, осыған байланысты 4-баптың 4-тармағы жаңа редакцияда жазылды, оған сәйкес: 1) соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам; 2) сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент депутаттығына, соның iшiнде партиялық тізiмдер бойынша депутаттыққа, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ өзге де жергілiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелігiне кандидат бола алмайды. Сондай-ақ партияны тарату үшін шешім қабылданған жағдайда партияның өкілі болып табылатын сайлау комиссиясының мүшесін босату үшін негіздер белгілеу мақсатында 19-баптың 6-тармағы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен саяси партияны тарату туралы шешім қабылдау тәртібіне қатысты үшінші бөлікпен толықтырылды, ол өзі ұсынған аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшесі міндетінен босатылуға негіз болып табылады. Талқылаудан кейін заң жобалары палатаның қарауына жіберілді.
Соңғы жаңалықтар