Сербия бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарлама әзірлеуге кірісті
БЕЛГРАД. KAZINFORM — Сербия бейбіт мақсатта ұлттық ядролық бағдарламаны жүзеге асыруға дайындықты бастады. Бұл туралы елдің Тау-кен өндірісі және энергетика министрі Дубравка Джедович-Ханданович Ядролық ғылымдар институты – «Винча» өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді, деп жазды ТАСС.

«Винча» институтының директоры Славко Димовичтің айтуынша, бұл институт ғылыми және білім беру тұрғысынан осы бағдарламаны басқаруға ниетті.
— Сербия Энергетика туралы заңға өзгерістер енгізу арқылы бейбіт мақсаттағы ядролық энергетиканы дамытуға жол ашты. Өйткені біз болашақтағы энергетикалық қауіпсіздік туралы стратегиялық тұрғыда ойлануымыз керек. Бұл — кадрлық әлеуетті нығайтпай мүмкін емес, ал бізде жақсы негіз бар. Дегенмен, оны әрі қарай жетілдіруді көздейміз. Біз «Винча» институтын еліміздегі ядролық бағдарламаның іргетасы ретінде мойындадық. Тау-кен өндірісі және энергетика министрлігі үкімет атынан ядролық бағдарламаны жүзеге асыратын орган ретінде ядролық энергетикаға арналған арнайы сектор құрумен айналысып жатыр, — деді министр, оның сөзін «Вечерне новости» газеті келтіреді.
«Винча» институтының директоры Славко Димович институттың ядролық бағдарламаны ғылыми және білім беру бағытынан басқаруға ұмтылатынын атап өтті.
— Біздің мақсатымыз — бейбіт ядролық энергетика саласында аймақтық білім беру орталығына айналу. Сонымен қатар, институт жанынан ядролық энергетикаға қатысты әртүрлі салалардан, институт ішінен және сыртынан мамандарды біріктіретін сараптамалық комиссия құрылды. Бұл комиссия болашақта мемлекетке бейбіт ядролық энергетиканы дамытуда қолдау көрсететін болады, — деді ол.
Министр Джедович-Ханданович Сербияда бейбіт ядролық энергияны пайдалану бойынша алдын ала техникалық зерттеу аяқталуға жақын екенін айтты. Оның айтуынша, бұл — ядролық бағдарламаны дамытудағы алғашқы қадам болып табылады және ол нарықтық әрі технологиялық мүмкіндіктерді көрсетіп, әрі қарай қандай шешімдер қабылданатынын айқындайды.
2025 жылдың мамырында Ресейдің мемлекеттік корпорациясы «Росатом» Сербияда атом энергетикасы саласындағы заманауи технологияларды таныстырған болатын. Компания елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайту үшін кең ауқымды шешімдер ұсынуға дайын екенін білдірді. Бұл таныстырылым «Батыс Балқандағы энергетикалық көшу» атты халықаралық форум аясында өтті. Онда атом энергиясы сенімді әрі көміртексіз қуат көзі ретінде ерекше аталып өтті.
Сербияға РИТМ-200 реакторларына негізделген шағын атом станциялары мен 3+ буындағы ірі қуатты энергоблоктар ұсынылды.
Бұған дейін «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев Ресей президенті Владимир Путин мен Сербия президенті Александр Вучич арасындағы келіссөздер нәтижесін түсіндіре отырып, бұл кездесулер Сербияда атом электр станцияларын орналастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіретінін айтқан. Ол атом энергетикасы енді Ресей-Сербия ресми қатынастарының күн тәртібіне енгенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сербияда митинг өтіп, халық шұғыл кезектен тыс сайлау өткізуді талап еткен еді.