Сербияда Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті
БЕЛГРАД. KAZINFORM - Сербия сарайының алдындағы алаңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президентінің келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің әнұрандары шырқалды, сондай-ақ он рет зеңбіректен оқ атылды. Бұдан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.



Еске салсақ, кеше Қазақстан Президентінің бортын Сербия аспанында осы елдің әскери әуе күштерінің ұшақтары алып жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Белград әуежайында Сербия Президенті Александр Вучич қарсы алды.
Сондай-ақ Сербия Президенті әлеуметтік желілердегі парақшаларында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне кешкі ас берілгенін және Алматының әйгілі апортын сыйға алғанын жариялады.
Оқи отырыңыз, Kazinform тілшісі Қазақстан мен Сербия арасындағы байланыстың маңызды тұстарын саралап көрген болатын.