Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасын тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелланы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған еді.