Биыл Алматы мен облыс арасында жаңа 12 автобус маршруты ұйымдастырылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы агломерациясы аясында қала мен облыс арасында автобус бағыттары көбейіп келеді.

автобусы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Мобильділік басқармасының мәліметінше, 2023 жылы 12 қала маңы бағыты, 2024 жылы 20 қала маңы бағыты іске қосылған. Биыл басқарма облыс әкімдігімен бірлесе отырып тағы 12 жаңа маршрут ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

— Жаңа маршруттардың қозғалыс схемалары Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп белгіленеді. Бүгінгі таңда қала маңына 54 бағыт бойынша 600-ден астам автобус қатынайды. Күн сайын бұл қоғамдық көліктермен 360 мың адам жол жүреді, — деп хабарлады басқармадан.

Айта кеткен жөн, Алматы облысының аумағында қазіргі уақытта 141 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде 31 — облысаралық және ауданаралық бағыт, 53 — ауданішілік бағыт және қалғаны қала маңы бағыттары. 2023 жылы жаңа 12 облыстық бағыт, 2024 жылы 19 облыстық маршрут іске қосылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда түнгі уақытта полиция қызметкерлерінен қашқан көлік ұсталғанын жазғанбыз.