«Сергек» жүйесі қанша айыппұл салу дерегін тіркеді
АСТАНА. KAZINFORM — «Сергек» интеллектуалды қоғамдық және жол қауіпсіздік жүйесі кейінгі бір жылда Қазақстанда 10 миллионнан астам әкімшілік ереже бұзу дерегін тіркеді.
Ішкі істер министрлігінің ресми сауалға берген жауабында камералар жол ережесін бұзудың ең көп таралған түрлерін автоматты тәртіпте анықтайтынын атап өткен.
Ведомство ақпаратына қарағанда, жолдағы қауіпсіздікті және жүргізуші тәртібін жақсарту үшін ел бойынша шамамен 27 800 камера орнатылған.
- Есепті кезеңде осы жүйелерден алынған деректерді пайдалана отырып, әкімшілік айыппұлдарды төлеу туралы 10 миллионнан астам нұсқама шығарылды», - делінген министрлік ақпаратында.
Интеллектуалды жүйелер инспекторлардың тікелей қатысуынсыз ереже бұзу дерегін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Жүргізушілер айыппұлдарға қаншалықты жиі шағымданады?
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, әкімшілік құқық бұзу деректерін қарайтын органдардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану белгіленген тәртіппен, яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 44 және 44-1 тарауларына сәйкес жүргізіледі.
Барлық шағым қолданыстағы процедуралық нормалар аясында жеке қарастырылады.
Ведомство автоматты жүйеде жекелеген техникалық ақаулар болуы мүмкін екенін мойындады. Бұл тұрғыда кейде көлік нөмірлерін дұрыс тану мүмкін болмай жатады.
- Мұндай жағдайлар техникалық сипатта және көп кездеспейді. Осындай материалдар бойынша айыппұлдар жойылады, - деп нақтылады Ішкі істер министрлігі.
Еске салсақ, 2025 жылы жазда Астанада Sergek дрондары сынақтан өтіп жатқаны мәлім болды.
Былтар қазан айында «Сергек» бейнебақылау жүйесін араб компаниясына беру туралы мәселеге елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының тұрғындарымен кездесуде түсініктеме берді.