Сергей Архипов өрт кезінде қаза болғандардың тізіміне енгізілмейді – Бас прокуратура

«Сергей Архиповтың денесі мен тракторы өрт болған аумақтан басқа жерде табылды. Ол өрт салдарынан қаза болмаған», - деді Ж. Өмірәлиев бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда ол С. Архипов өрт кезінде мерт болған 14 адамның санатына кірмегенін айтты.
«Мемлекет басшысы зардап шеккендерге жан-жақты көмектесу тапсырмасын берді. Сондықтан бұл бағыттағы көмек көрсетуді облыстық әкімдік, кәсіпкерлер қарастырады», - деді Жандос Өмірәлиев.
Естеріңізге сала кетсек, Instagram-дағы парақшалардың бірінде Сергей Архипов Абай облысы аумағындағы өртті сөндіруге көмектесу үшін тракторымен шығып кетіп, із-түзсіз кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Ол соңғы рет 9 маусым күні хабарға шыққан.
Алдымен оның тракторы табылды. Кейін, 10 маусым күні 36 жастағы С.Архиповтың денесі анықталды. Жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес ер адамның өлімі жүрек ауруынан - кардиомиопатиядан болғаны анықталды.