Сергей Кулагин ақмолалық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің басты мақсатын атады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық мәслихат депутаты Ғалымбек Баймышевтың төрағалығымен бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті отыз бесінші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және облыстық мәслихат хатшысы Нина Дьячек қатысты.
None
None

Сессияға сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттарынан басқа облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқармалар басшылары мен аудандық мәслихаттардың хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты. Алдымен, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңдеу саласының қазіргі жағдайы мен оны ары қарай дамыту перспективалары жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласпаев сөз алып, былтырғы жылы аймақта 45,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілгендігін айтты. Соңғы төрт жылда ұн өңдеу 60, ал сұйық май өндірісі 25 пайызға жоғарылаған. Дегенмен сүт, ет пен ұн өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар өндірістік қуаттылығына шыға алмай отырған жайы бар.

Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы осы өңдеуші кәсіпорындардағы жағдайды саралау мақсатында аталған комиссия мүшелерінің 26 нысанда болғанына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде өңдеуге қажетті сапалы шикізат тапшы. Сондықтан да сүт-тауарлық фермаларды көптеп ашқан жөн. Оған жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырған дұрыс. Ол қаржыны ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға беру және жүз пайыздық қайтарып алу кепілдігі жасалуы қажет. Екінші мәселе - жеке шаруашылықтардағы, яғни, қарапайым ауыл тұрғындарының қолындағы мал басын көбейту. Жасыратыны жоқ, қазір қолдағы мал саны азайып барады, соның салдарынан сүт зауыттары сүтке жарымай отыр. Өйткені, олар сүтті жекеден арзанға алғысы келеді. Қазір сүт бағасы 2012 жылы қойылған 45 теңге мөлшерінде сақталған. Инфляция мен бағаның өсімі ескерілмей отыр. Енді оны кем дегенде 60-65 теңгеге жоғарылатқан абзал. Сонда ғана тұрғындар малды ұстауға кеткен шығынды өтей алады. Бұл тұста сүт қабылдаушылардың әр ауылды өзара бөліп алып, ашықтық пен адал бәсекелестікке жол бермей отырғаны тағы бар. Яғни, осы нарықты тек өз пайдаларына бейімдеп алған. Осы орайда, ауылдық өндірістік кооперативтерді құрудың сол азайып бара жатқан мал басын көбейтуге, оған мемлекеттен барынша көмек алуға септігі тиер еді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын өңірдегі ірі кәсіпорынның бірі - «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Серік Рахымбаев 250 адамды жұмыспен қамтып отырғандығын, орташа жалақының 92 мың теңгені құрайтындығын айтты. Ресейден келіп жатқан арзан ет өнімдерінің молдығына қарамастан, серіктестік жыл сайын өнім көлемін арттыруда. Әйткенмен жол, су мен ауылдарда жұмыс істейтін жұмысшыларға баспананың жоқтығы сияқты күрмеуі қиын мәселелер де бар. Ақкөл аудандық мәслихатының хатшысы Жұлдызай Салыбекова да сөз алып, ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге ден қойғанын бірнеше кәсіпорынның мысалында көрсетіп берді. Осы тұста өңір басшысы аталған аудандағы сүт зауытының небары 30 пайыздық қуаттылықпен жұмыс істеп жатқандығын және бұл мәселенің аймақтағы көптеген кәсіпорынға тән жағдай екенін атап өтіп, барлық аудан әкімдеріне жағдайды ретке келтіру үшін нақты сызба, жоспар, жобаларды әзірлеуге он күн уақыт берді. Яғни, билік өнімнің қайда өңделіп, қайда тасымалданып, қайда сатылатындығын реттеп отырады.

«Біздің кәсіпорындардың толық қуаттылығына шыға алмауына Ресейден не басқа жақтан келіп жатқан арзан өнімдер кінәлі деу тек сылтау ғана. Бұл жағдай бүгін ғана пайда бола қалған жоқ. Бұрын да болған. Сондықтан да, өзіміз өсу жағын ойлайық. Бізге Астананың нарығын 100 пайызға жаулап алу да міндет емес. Елордалықтарда да таңдау құқығы бар ғой. Бірақ, бұл көрсеткішті кем дегенде 65 пайызға жеткізу басты мақсатымыз болуы керек», - деді өз сөзінде Сергей Кулагин.

Соңғы жаңалықтар