Сергей РОДИН, «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары 590 млрд. 742 млн. теңге жария етілген

Осыған орай 2015 жылдың 13 қарашасында Мемлекет басшысы оның тәртібін жүргізудің жаңа жолдарын айқындайтын мүлікті жария ету мәселелері бойынша заңға қол қойды. Осылайша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен ақшаны және мүлікті жария ету рәсімдерін айтарлықтай жеңілдететін өзгерістер енгізілді. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Сергей Родинді әңгімеге тарттық.
- Сергей Станиславұлы, әңгімемізді жария ету рәсімдеріне енгізілген түзетулерден бастасақ. Сонымен қатар жария ету субъектілеріне кімдер жатады және жария ету бойынша акцияға кімдер қатысуға құқылы?
- Иә, 2015 жылғы қарашаның аяғында күшіне енген аталмыш заңмен жария ету рәсімдері жеңілдетілді және өзгертілді. Біріншіден, жария ету субъектілеріне кепілдіктер күшейтілді. Екіншіден, жария ету рәсімдері түбегейлі жеңілдетілді. Үшіншіден, жария ету субъектілері үшін салықтық рақымшылық енгізілді. Төртіншіден, жария ету мерзімі 2016 жылдың соңына дейін ұзартылды. Жария ету субъектілеріне Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар жатады. Заңды тұлғалар жария ету субъектілеріне жатпайды.
- Жаңа сіз жария ету субъектілеріне кепілдіктер күшейтілгенін айттыңыз. Сол жөнінде айта кетсеңіз.
- Енгізілген түзетулер акцияға қатысатын азаматтарға мынадай кепілдіктер береді: құқық қорғау және басқа органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау, яғни ақша мен мүлікті жария ету фактісін алып, оны айғақ ретінде пайдалануға немесе қылмыстық іс қозғауға тыйым салынған. Жария етілген мүлік тәркілеуге жатпайды және жария етілген мүлік туралы ақпарат құқық қорғау органдарынан қорғалады. Мүлікті жария етуге байланысты кез келген мәлімет, банктік және салықтық құпия болып табылады. Сондықтан жария ету бойынша мәліметтерді үшінші тұлғаларға таратуға ешкімнің, соның ішінде жария ету бойынша комиссиясы мүшелерінің, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері және екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінің қызметкерлерінің құқығы жоқ. Мұндай заңдылық сақталмаған жерде ондай қызметкер мәліметті таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
- Қаражатты жария етудің жаңа рәсімдері қандай? Жалпы қандай ақшаны жария етуге болады?
- Ақшаны жария етудің тәртібі едәуір жеңілдетілді. Бірінші, қаражатты заңдастыру үшін жинақ шотының орнына кәдімгі ағымдағы шоттың көмегіне жүгінуге болады. Мұндай жағдайда банктегі немесе «Қазпошта» АҚ-дағы ағымдағы шотқа ақшаны енгізу және тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына арнайы декларацияны тапсыру арқылы 10 пайыздық алымды төлемей-ақ жария етуге болады. Арнайы декларацияға жария ету үшін ағымдағы шотқа енгізілген ақша сомасының мөлшерін растайтын банктің анықтамасы қоса беріледі.
Екіншіден, ақшаны банкте сақтау және инвестициялаудың ықтимал бағыттары бойынша жария етілген қаражат-қаржыға иелік ету мүмкіндігі берілген. Банктік шоттар арқылы қаржыңызды көрсете отырып, оны бизнеске салуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға, мұқтажыңа пайдалануға болады. Рақымшылық жасау туралы заңымен жария ету мақсатында ағымдағы шотқа енгізілген ақшамен жария ету субъектісі иелік ету бойынша қандай да бір шектеулер, соның ішінде сондай шоттағы ақшаның сақтау мерзімі қарастырылмаған. Ағымдағы шоттағы жария етілетін ақшаның сақталу мерзімі бойынша мүмкін болатын талаптар банк пен жария ету субъектісі арасындағы банктік шот шартында ҚР Азаматтық кодексінің 749-бабына сәйкес белгіленеді.
Үшіншіден, шет елде орналастырылған, сондай-ақ қолда бар ақшаны елге қайтару және қазақстандық банктерге орналастырмай-ақ декларация беру арқылы жария ету мүмкіндігі берілген. Бірақ мұндай жағдайда бюджетке 10 пайыздық алым төленеді. Арнайы декларацияға алым төленгенін растайтын құжат (түбіртек, төлем тапсырмасы және т.б.) қоса беріледі.
Жүргізілетін рақымшылық шеңберінде ақшаны (кірісті) жария ететін қызметтің негізгі түрлері мыналар болып табылады: ресми тіркелмеген (тіркеусіз, лицензия алусыз және т.б.) және тиісінше салық салынбаған кәсіпкерлік қызмет, кірген кірісі түрлі тәсілдермен (бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікте көрсетпеу, экспорттық-импорттық келісімшарттар бойынша шетелге ақша шығару жолымен) салық төлеуден жасырылған ресми тіркелген кәсіпкерлік қызмет.
- Сергей Станиславұлы, өңірімізде ақшаны жария етудің нәтижелері қандай?
- 2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша республикада 594 964 825 000 теңге шамасындағы қаржыға 924 банк шоттары ашылды. Біздің өңірде бұл күнге 590 742 000 теңге шамасына 14 шот ашылды. Заңға енгізілген түзетулерге байланысты 2015 жылғы желтоқсан айынан бастап азаматтар өздерінің мүлкі мен ақшаларын белсенді түрде жария ете бастағанын атап өткім келеді: осылайша, егер жария етудің басында және 2015 жылғы 1 желтоқсанына дейін 83,9 млрд. теңге шамасына 181 банк шоты ашылса, 2015 жылғы желтоқсаннан бастап 2016 жылғы мамыр айын қоса алғанда 511 млрд. теңге шамасына 743 банк шоты ашылды. Айырмашылық сырт көзге анық байқалады.
- Соңғы сұрақ, ақшаны қай мерзімге дейін жария етуге болады?
- Ақшаны 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін жария етуге болады. Бұл ретте жария ету үшін құжаттарды тапсыру мерзімі, жария етудің мерзімі аяқталғанға дейін бес жұмыс күннен кешіктірмей аяқталады (шамамен 2016 жылғы 23 желтоқсанда). Жария ету мерзімінің аяқталуы кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялаудың басталуымен сәйкес келеді, оның 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілетіні белгілі. Сонымен қатар шет елдегі мүлік те декларациялануы тиіс. Сонымен бірге Қазақстан салық органдары үшін банк құпиясын жою бойынша әлемдік үрдіске еніп барады. Мәселен, биылдан бастап Қазақстан FATCA-ны іске асыру жөніндегі келісім шеңберінде АҚШ-пен өз азаматтарының шоттары мен активтері туралы салық ақпаратын алмасуға ниетті. Осындай салық ақпаратын алмасу 2018 жылдан бастап ЭЫДҰ елдерінің арасында енгізіледі және Қазақстан оған қосылуға ниетті.
Осылайша, жүргізіліп отырған акция мемлекетпен арадағы барлық салық мәселелерін шешудің соңғы мүмкіндігі болып табылады.
Ол аяқталғаннан кейін бүкіл әлем бойынша шетелдік шоттар жөніндегі барлық ақпарат қайта тексеріледі. Осыған байланысты заңнамаға шет елдегі шоттар бойынша ақпаратты жасырғаны үшін жазаны қатаңдататын түзетулер енгізілетінін де естен шығармаған қажет.
- Әңгімеңізге рақмет.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»