Серік Күдебаев елден қашқаны үшін жарты жылға бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысының Кеген аудандық соты экс-генерал Серік Күдебаевті Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту ісі бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Сот Серік Мырзақұлұлы Күдебаевты ҚР Қылмыстық кодексі 395-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім етеді», - деп Кеген аудандық сотының судьясы үкім оқыды.

Сонымен, оған сот шешімі негізінде жалпы мерзімі 10 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 10 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырылды. Серік Күдебаев жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді.

Ол 30 наурыз күнгі сот отырысына келмеді. Сондықтан, оны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шықты.

Артынша генералдың елден қашып кеткені белгілі болып, Талдықорған қалалық соты Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялады. 27 сәуірде Түркияда ұсталып, елге жеткізілді.

Серік Күдебаев 28 сәуір күні 10 жылға сотталған болатын. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша айып тағылды.


Соңғы жаңалықтар