Серік Дүйсенбі: Медицина - қолдың шеберлігі емес, маңыздысы - білім
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың нейрохирургия бөлімі басшысы, профессор Серік Дүйсенбімен сұхбаттасып, осы саладағы мәселелер турасында ой өрбіткен едік.
- Алдымен өзіңіз туралы қысқаша таныстыра кетсеңіз...
- Мен 1972 жылы Қытайдың Үрімжі ауданында тудым. Сол жерден орта мектепті бітіргеннен кейін Қытайдағы Батыс терістік ұлттар институтында қытай және ағылшын тілі бойынша екі жыл дайындық курсын бітіріп, 1992 жылы Сиань медицина университетінің клиника факультетінде 5 жыл оқыдым. Мамандығым клиникалық медицина деп аталады. Содан кейін Шыңжаң медицина университетіне (新疆医科大学) магистратураға оқуға түстім. Онда да клиникалық медицина бойынша оқыдым. Аталған мамандық екі түрге бөлінеді. Бірі ғылыми зерттеуге бағытталған болса, енді бірі - клиникалық сала. Клиникалық жұмыста жүріп, ғылыми жұмыстар жүргізуге болады. Сол арқылы магистратураның атағын қорғай аласыз. 2001 жылы магистратураны бітіре салып Шыңжаң медицина университеті ауруханасының нейрохирургия бөліміне жұмысқа тұрдым.
- Ол Шыңжаңдағы ең жоғары дәрежелі аурухана ғой...
- Иә. Онда емтиханмен қабылдандым. Өйткені, Шыңжаң көлемінде 2000 жылдан бастап үлкен ауруханаларға жұмысқа тұру үшін дәрігерлік лицензиялық сынақ алу деген жоба іске асырала бастады. Онда жұмысқа қабылдауын қабылдайды, бірақ ары қарай өз мамандығың бойынша тікелей жұмыс жүргізу үшін лицензиялық сынақтан өту керек болды.
- Ғылыми атағыңызды қай жылдары қорғадыңыз?
- 2004 жылы докторлыққа оқуға түсіп, зерттеу жұмыстарым арқылы нейрохирургия бойынша атағымды 2007 жылы қорғап шықтым. Сол уақыттарда Қытайдың Цзилинь провинциясының Чанчунь деген қаласында жарты жылдай уақыт жапон тілі курсын оқыдым. Сөйтіп Жапонияның Киото университетіне қарасты орталық аурухананың нейрохирургия кафедрасында бір жыл зерттеу және клиникалық жұмыстар бойынша оқыдым.
- Қазақстанға қашан келдіңіз?
- Қазақстанға біржолата көшіп келмей тұрған кезде келіп-кетіп жүрдім. Нейрохирургиялық орталық бұрын Алматыда еді ғой. 2006 жылдан бастап сол орталыққа келіп, операцияларға қатысып тұрдым. Халықаралық конференциялар бойынша да келіп, лекция оқыған кездерім болды. Одан кейін 2008 жылы Ұлттық нейрохирургиялық орталық құрылды ғой. Осы орталықпен байланыста болып, арасында келіп лекция оқып тұрдым. Соның ішінде ми-қан тамыр ауруларын микрохирургиялық жолмен емдеу туралы шеберлік сағаттарын өткізген кездерім де болды. Сөйтіп жүріп Қазақстанға 2019 жылы 26 желтоқсанда біржолата көшіп келдім.
- Нейрохирургия саласы бойынша қазір шәкірттерді қалай тәрбиелеп жатырсыздар?
- Халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, дүниежүзінде шәкірт тәрбиелеудің бірнеше түрлі жолы болады. Біріншісі маман жеке мамандық бойынша резидентурадан өткен болуы керек. Резидентура бағдарламасы - мемлекеттік бағдарлама. Мемлекетте нейрохирургия бойынша 4 жылдық резидентура болады. Содан өтетін шәкірттерді оқытады.
Ал екінші жолы - ғылыми жетілдіру. Атап айтқанда, магистранттар, PhD докторанттар ғылыми білімін толықтай отырып, клиникалық практикасымен қоса тәрбиеленеді. Бұл саланың мамандары тек лабораторияда ғана отырып қалса, ол жеткіліксіз. Өзіне қатысты оталарды көзбен көріп, нақты практикалық жұмыстардан өткенде ғана ол келесі жұмыстарынан нәтиже шығара алады.
- Ал Қазақстанда медицина мамандарын даярлауда нені жетілдіру керек деп ойлайсыз, кемшін тұстары бар ма?
- Бұл жақта екі түрлі жолмен үйренеді. Біріншісі резидентурадан өтеді. Қазір Қазақстанда толығымен жолға қойылғандықтан, нейрохирургиядан да көреміз, көптеген облыста маман дайындауға арналған бағдарламалар бар.
Ал, екінші түрлі жолы – қысқа уақытта мамандықты жетілдіру жолы. Сол арқылы шәкірт тәрбиеленеді. Мысалы, біз бір күрделі ота жасайтын болсақ, басқа өңірлердегі тәжірибесі аз мамандар ұзақ уақыттық тәжірибесі бар дәрігерлерден үйренуге келу керек. Бірақ қазір елімізде мамандардың үйреніп келу уақыты тым аз деп айтуға болады. Оларға 2 аптада, иә болмаса бір немесе екі айда үйреніп кел дейді. Менің талабым - егер толықтай үйренуге келсеңіз, ең аз дегенде жарты жылдан кем болмауы керек. Себебі, 1-2 апта, немесе бір-екі айда үйреніп шыға қою мүмкін емес, ол - ғылыми жақтан да жетілуге толымды уақыт емес. Бұл дамыған мемлекеттердің тәжірибесі арқылы дәлелденген.
Нейрохирургия өз ішінде 5-6 түрге бөлінеді. Атап айтқанда, қан тамыр нейрохирургиясы, онкологиялық ісіктерді емдеумен айналысатын нейрохирургия, функционалдық талма аурумен жұмыс істейтін нейрохирургия болады. Сол секілді нейрохирургиялық емдеудің әртүрлі жолы бар. Оның сыртында ми жарақаты деген болады, мұның өзі - үлкен бір сала. Осының бәрін үйрену үшін біраз процесті бастан кешіру керек. Резидентурадан өткен соң бір саласы бойынша аз дегенде екі жыл оқуың керек. Тереңдете отырып тәжірибеден өтіп шәкірт болып тәрбиеленуіңіз керек. Сонда ғана нейрохирургияда мамандандырылған нейрохирургтер пайда болады.
- Маман дайындау жолы оңай емес дейсіз ғой, ал жақсы маман қалай іріктеледі?
- Иә, маман дайындау жолы қиындау. Өйткені, біз университеттермен тікелей байланыста болмағаннан кейін, мықты студенттерді таңдап алу оңай емес.
Тағы бір жағынан, жақсы маман таңдау үшін мемлекеттің қолдауы өте қажет. «Қандай деңгейдегі ауруханада жұмыс істесең де жалақың жақсы болады, тұрмыстан еш қиналмайсың» десе, мектептегі үздік оқитын оқушылар медицинаны таңдай бастайтын еді.
Менің білуімше, қазір Қазақстанда үздік оқитын балалардың көбі Назарбаев университетіне түседі. Ағылшынша жақсы білетін, ел ішіндегі әртүрлі зияткерлік сайыстар мен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарының көбі сонда түсетін көрінеді. Солардың бір бөлігі медицина саласы бойынша оқиды ғой. Сол университетті бітірген мамандарды қазақстандық ауруханалардан көріп жүрген жоқпын. С. Асфендияров атындағы медициналық университетті бітірсе де сол. Егер жақсы жалақы төленбесе, маманды ұстап тұру қиын. Мысалы, АҚШ-та бір нейрохирург жылына бір миллион долларға дейін жалақы алады екен.
- Күнделікті жұмыс кестеңіз туралы айтсақ, күніне орта есеппен қанша ота жасалады?
- Біз енді күніне мынанша адам ота жасатады деп айта алмаймыз. Бірақ айына орта есеппен 30-40 ота жасаймыз.
- Өзіңіз қандай операциялар жасайсыз?
- Біз жасалатын операцияның түрі көп. Біздің бөлімдегілер тек қана миға жасамайды, омыртқаға, жұлынға да жасаймыз. Жүйке жүйелеріне де ота жүргіземіз.
- Миға операциялар қандай жолдармен жасалады?
- Миға ота әртүрлі жолмен жасалады. Қазіргі уақытта қан тамырдың ішімен жасай аламыз. Мұрын арқылы жасауға болады. Мидың астыңғы бөліктеріне жасаған кезде ауыз арқылы жасалады. Сосын бас сүйектерді тесіп, иә болмаса жігін ашып жасауымызға да болады.
Мидың жасауға тиісті орнының көлеміне, тереңдігіне қарай ота жасау жолдары өзгеріп отырады. Қай жерінде ісік, иә жарақат болса, тек сол жердің тұсын ғана ашып жасаймыз. Халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми жолмен зерттелген, қауіпсіз жолдармен ғана ота жүргізіледі.
- Заманауи құрал-жабдықтар толық па?
- Иә, толық.
- Қазақстан мен Қытайдың нейрохирургиядағы емдеу жолдарында айырмашылық бар ма?
- Мен жұмыс істеген Шыңжаң медицина университетінің ауруханасында нейрохирургия саласын көптеген салаға бөліп емдеуді жолға қойған. Әрбір түрлі ауруды әрбір түрлі дәрігер емдейтін қылып бөліп тастаған. Бұл тәсіл 1998 жылы бастаған, яғни олардың бізден артықшылығы - онда медицина жүйеленген. Халықаралық стандарттар бойынша жекелеп емдеу керек деген бастаманы көтеріп, әр маман аурудың тек бір түріне ғана бастан-аяқ жауапты болып істеу бағытын таңдаған. Бұл Шыңжаңда ғана. Ал дамыған ішкі Қытайда осы халықаралық стандарт одан ерте басталып кеткен болатын.
Сондай-ақҚытайда, мысалы кардиология саласы бойынша бүкіл мемлекеттің ортақ базасы болады. Сол базада барлық маман туралы ақпараттар сақталады. Бір маман керек бола қалса, сол базадан таба алады. Жүйеленген база бар, яғни кімнің қандай дәрежедегі маман екенін анықтау қиын емес. Бізге де сондай ортақ база керек-ақ.
- Мамандар бізде категорияларға бөлінеді ғой...
- Иә, Қазақстанда мамандарды дәрежеге бөліп, «жоғары категориялы дәрігер» деп айтып жатады. Категория ол адамның жасына қарап көтерілмейді. Бастысы, сен не жұмыс істей аласың - маңыздысы сол. Мысалы, нейрохирургияны 4 иә 5 дәрежеге бөлетін болсақ, соның жоғарғы дәрежедегі оталарын сен жасай аласың ба, оңды нәтижең қандай - негізгі талап сол ғой. Біз соны естен шығармаумыз тиіс.
Тағы бір айтарым, қандай категориядағы дәрігер болсаңда да, ең маңыздысы - теориялық білімді жетілдіріп отыру. Мысал ретінде айтайық, оталардың кейбірі өте нәзік болады. Аяқастынан бір күрделі жағдайға тап болып қалуың мүмкін. Ондайда не көмектеседі, әрине оқыған, тоқыған білімің қол ұшын созады. Дәрігерде «қалай жасасам барынша қауіпсіз және нәтижелі болады?» деген ой үнемі басты назарда болуы шарт. Сол үшін әрдайым ізденісте болуға тиіс.
Кейбіреулер болады басын бүркеп, маскасын тағып алады да «тәуекел» деп бастап кетеді. Ол болмайды, дәрігерде сөзсіз жан-жақты білімімен бірге ұзақ уақыттық тәжірибесі болуы керек.
- Білім мен тәжірибеден бөлек, шеберлік те өте маңызды шығар...
- Шеберлік деген жай ғана бір түрі ғой. Медицина - қолдың шеберлігі емес, бұл жерде маңыздысы - білім. Сенің білімің жетіп тұрса, қолың өзі-ақ жүреді. Егер сенің ақыл, білімің аз болса, сенің қолың қанша шебер болғанымен, бәрібір түк те пайдасы болмайды. Мысалы, қай қан тамыр қай жақта, қайдан келіп қалай қарай кетеді. Осының бәрін бес саусағыңдай анық біліп тұруға тиіссің. Мидағы ісік туралы айтатын болсақ, кейбір нейрохирургтер: «Ісікті алайын десем, ана тамыр былай келіп, мына қан тамыр былай келіп тұр екен. Сондықтан алуға келмей қалды», - деп жатады. Ондайда оларға айтамын: «Әңгіме ісіктің қайда болғандығы емес, маңыздысы сенің тәжірибең мен білімің жетпейді. Сондықтан ісікті алудың тура жолын таба алмай тұрсың», - деп. Сондықтан нейрохирургтер үшін жоғары теориялық біліммен бірге ұзақ уақыттық тәжірибесі бар профессорлардың қасында жүріп жетілу маңызды.
Бұған дейін жазғанымыздай, адамзат шипасын таппай келе жатқан дерттің бірі – қатерлі ісік. 2023 жылдың қорытынды есебіндегі дерек бойынша, елімізде 218 мың науқас онкологиялық есепте тұр. Ал, жыл сайын елімізде 40 мыңдай адамнан қатерлі ісік анықталады.
Науқас саны өскен сайын, онымен күрес те дамып, жетіліп отыратыны заңдылық. Осы орайда, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы Бас-ми нейрохирургия бөлімінің дәрігері Айдос Молдабековпен бұл саланың қазіргі ахуалы, жетістігі туралы айтты.