Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындары тұтынатын ауыз су сапасын жақсартуды тапсырды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының тұрғындары тұтынатын ауыз су лайланған. Осыған байланысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласындағы тұрғындарды сапалы ауыз су сапасын жақсартуды тапсырды.

су құбыры
Фото: Kazinform

Соңғы бірнеше күннен бері Құлсары қаласының тұрғындары ауыз судың лайланғаны туралы шағымданып жатыр. Ауыз су «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбырының жаңа лупингін пайдалануға беру кезінде ластанғаны белгілі болды.

«Су тазарту қондырғыларында су құрамы лайдан толық тазартылмай, Құлсары қаласына қажетті су көлемі берілмеді. Лайлану көрсеткіші стандартқа сай емес. Осыған байланысты лай суды жинақтау резервуарларынан ағызуды, құбырлар толық тазарғанша магистральдық желіден су жіберуді тапсырды», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Құлсары қаласын ауыз сумен «Жылыойсу» МКК қамтиды. Алайда, кәсіпорынның су айдау станциясындағы қазандарында су қоры азайған. Оған себеп – «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС-нің су тазарту станциясы қажетті су қорымен қамтамасыз ете алмауы.

Құлсарыға су «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық құбырымен тасымалданады. Бұл құбырға су Ресейдің Астрахань облысымен шекарадағы Қиғаш өзенінен алынады.

«Магистральдық Суағызғысы» ЖШС-нің мәліметіне сүйенсек, органолептикалық көрсеткіштер бойынша техникалық судың сапасы өзгеруі мүмкін.

Өйткені, «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық суағызғысын қайта құру және кеңейту жобасының бірінші кезегі іске асырылып жатыр. Осы жоба шеңберінде 56-207 шақырым магистральдық құбыр жолының жаңа учаскесі пайдалануға берілген.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақованың айтуынша, Құлсары қаласындағы ауыз су сапасына ұдайы мониторинг жүргізіліп келеді.

«Су тасқыны болғаннан бері ауыз су сапасына байланысты 286 сынама алынды. Ал, соңғы күндері әлеуметтік желіде Құлсары қаласының тұрғындары тарапынан шағым көбейді. Біз тұрғындарға қайнаған суды тұтынуды ұсынамыз», - деді Айгүл Ысқақова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары тұрғындарының 876 малы мен 532 құсы тасқын судан өлгенін хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар