Сержан Әбдікәрімов Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі лауазымына тағайындалды

Сержан
Фото: ҚР СІМ

Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Кazinform Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Данияр Қабидоллаұлы Сарекенов Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Филиппин Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов 1976 жылы 11 мамырда Қарағанды қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Дипломатиялық қызметін 1998 жылы референт ретінде бастады, кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің атташесі болды. 1999 жылы Оңтүстік Кореядағы ҚР Елшілігіне атташе ретінде жіберілді. 2002 жылы ҚР СІМ Халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының екінші хатшысы болды. 2002-2005 жылдары Аустриядағы ҚР Елшілігінің екінші хатшысы және Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді.

2005 жылдан 2008 жылға дейін ҚР СІМ Ақпараттық-талдау жұмысы және болжамды бағалау департаментінің директоры, Еуропа және Америка департаментінің директоры, Еуропа департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2008-2009 жылдары Қазақстанның Болгариядағы Сенімді өкілі болды. 2009-2012 жылдары – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – ЕҚЫҰ департаментінің директоры, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Жалпыеуропалық ынтымақтастық департаментінің директоры.

2012-2014 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау комитетінің төрағасы, ал 2014-2015 жылдары Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2015-2019 жылдары Қазақстанның Чехиядағы Елшісі, сонымен қатар Қазақстанның Словакиядағы Елшісі қызметін қоса атқарушы болды.

Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы сәуірге дейін Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі болды.

I сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын, француз, корей және индонезия тілдерін меңгерген.

Соңғы жаңалықтар