11:12, 04 Маусым 2013 | GMT +5
«СЭС-6» (SES-6) ғарыш аппараты мақсатты орбитаға шығарылды
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ұшырылымның кестесіне сәйкес мәскеу уақыты бойынша сағат 04.49-да «СЭС-6» (SES-6) ғарыш аппараты «Бриз-М» үдеткіш блогынан ажыратылғаннан соң мақсатты орбитаға жеткізіліп,

оны ұшыруға тапсырыс берушілердің басқаруына берілді. Бұл туралы Роскосмостың баспасөз қызметінен хабарлады.
«Бриз-М» үдеткіш блогы мен «Протон-М» ғарыштық мақсатты зымыран «Байқоңыр» ғарыш айлағының 200-ші ұшыру алаңы кешенінен кеше мәскеу уақыты бойынша сағат 13.18-де зымыран-ғарыштық саласы кәсіпорындарының ұшыру есептеріне сәйкес ұшырылды. Бас блок зымыран-тасығыштың үшінші сатысынан ажыратылғаннан соң үдеткіш блоктағы қозғалтқыш құрылғысының жұмысы арқылы «СЭС-6» орбитаға шығарылды.
«СЭС-6» (SES-6) ғарыш аппараты Латын Америкасы мен Атлант мұхиты аумағында телевизиялақ хабар таратуға, VSAT қызметтерін көрсетуге және сандық байланысқа арналған.