Сеул көшелерінде жүргізушісі жоқ автобустар жүре бастады
Сеулде қаладағы жолаушы көп тұратын аудандарды байланыстыратын шопыры жоқ автобустар іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Yonhap сайтына сілтеме жасап.
Дүйсенбі түнде екі автобус Сеулдің жолаушылар ең көп жүретін екі ауданы Хондэ мен Дондэмунды байланыстыратын 20 аялдама арасында жолаушыларды тасымалдай бастады.
Олар жұмыс күндері 23:30–дан таңғы 5:10–ға дейін, 70 минут аралықта 10 шақырымға жуық жол жүреді.
Пилотсыз автобустар көлемі әдеттегі автобуспен бірдей. Бүкіл жолаушылар қауіпсіздік белбеуін пайдалануға тиіс, көлікте тұрып тұруға болмайды.
Бірінші күні автобуста екі күзетші мен жүргізуші отырды, бірақ көлікті ешкім басқарған жоқ.
Қоғамдық көлікте жүру ақысын төлеу келесі жылдың басынан басталады.
Сеул сонымен қатар осындай бағыттар санын арттырмақшы.