Сеулде тұрғындарды ядролық қарудан қорғайтын алғашқы бункер салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея астанасында 2028 жылға қарай ядролық шабуылға төтеп бере алатын тұрғындарға арналған алғашқы жер асты баспанасы салынады. Бұл туралы Belta агенттігі жариялады.

Сеулде тұрғындар үшін ядролық қаруға төзімді алғашқы бункер салынады
Фото: Belta

Жер асты баспанасы Сеулдегі тұрғын үй кешенінің үшінші жертөле қабатында орналасады. Ол сыртқы ядролық, биологиялық және химиялық қауіптерден қорғауға арналған. Бункер желдету, су құбыры, кәріз жүйелерімен жабдықталады. Баспана 2147 шаршы метр аумақты алып, екі апта бойы 1020 адамға дейін қабылдай алады. 

Бейбіт уақытта бункер қоғамдық дене шынықтыру орталығы ретінде қызмет етеді.

Бұл биліктің тұрғындарға арнап салатын алғашқы ядролық қаруға төзімді бункері болмақ. Құрылыс 2028 жылы аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 16 корпустан тұратын тұрғын үй кешенінің жобасы 70% орындалды.

Артиллериялық атқылау мен әуе соққыларына арналған азаматтық қорғаныс паналары Сеулде және елдің барлық жерінде бар. Көпқабатты үйдің астынан бункер салу жоспары туралы алғаш рет хабарлаған «Сеул Шинмун» газеті елдегі 18 мың нысанның аз ғана бөлігі жаппай қырып-жоятын қарудан қорғауға арналғанын атап көрсетті.

Басылым беделді Ганнам ауданындағы кейбір сәнді үйлерде бұрын ядролық қарудың әсерінен қорғай алатын баспаналардың бар екендігі белгілі болғанын, бірақ олар қоғамдық пайдалануға арналмағанын атап өтті.

The Korea Herald газетінің хабарлауынша, қала билігі ядролық, биологиялық және химиялық шабуылдарға қарсы азаматтық қорғаныс баспаналарын салуды «Сеул қорғанысы 2030» жоспарының негізгі мақсаты ретінде белгіледі. Қала билігі бұл жаһандық тұрақсыздық пен Солтүстік Кореядан төнген қауіптен кейін қажет деп санайды. Жуырда Корея Республикасында тұрғындарды жаппай қырып-жоятын қарудың зардаптарынан қорғау үшін қолданыстағы азаматтық қорғаныс паналарын жөндеу қажеттілігі туралы талқылаулар басталды.

Сондай-ақ Сеулде ядролық шабуыл болған жағдайда республиканың саяси және әскери басшылығын қорғауға арналған бірқатар нысандар бар. Олардың қатарында Көк үйдегі Ұлттық дағдарыс орталығы, президент резиденциясы, Қорғаныс министрлігі орналасқан Юнсан округіндегі президент кеңсесі және ел астанасындағы қорғаныс қолбасшылығының бункері бар. Оған қоса, Сеул қалалық әкімдігі ғимаратының астында да бункер бар.

Айта кетейік, бұған дейін қай елдерде ядролық қару бары туралы жаздық. 

Соңғы жаңалықтар