Сейілхан Болатбек: Қола жүлде үшін өз бауырыммен белдесуге тура келді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық балуан Сейілхан Болатбек джиу-джитсудан Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Дүниежүзілік ойындарда джиу-джитсудан Сейілхан Болатбек қола медаль алды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Жерлесіміз жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, қола жүлде үшін өткен белдесу жайлы айтты.

— Маған қолдау көрсеткен барша қазақ жанкүйерлеріне алғысымды білдіремін. Қола жүлде үшін өз бауырыммен белдесуге тура келді. Әрине, өте өкінішті. Алайда жарыс жолы осылай тоғыстырды. Бұл додаға үлкен үмітпен, тыңғылықты дайындықпен келген едім. Алтын медаль жеңіп алуды қаладым. Өкінішке қарай, бүгін қола жүлде бұйырып тұр екен. Дегенмен кім жеңсе де, бұл медаль Қазақстанның қоржынына түсер еді. Бұдан бір жарым ай бұрын әлем чемпионы атанған едім. Сондықтан бұл жарысқа басты фавориттердің бірі ретінде келдім. Алайда ширек финалда жеңіліп қалдым. Қазақстанға алтын медаль сыйлағым келген еді, — деді спортшы.

Айта кетейік, Болатбек Сейілхан қола медаль үшін белдесуде отандасы Адлан Мадаевпен кездесті. Нәтижесінде отандық дерби 2:0 есебімен Болатбектің пайдасына шешілді.

Осыған дейін Төрехан Сабырхан Азия ойындарының алтын медалін еншілегенін жазғанбыз. Ақтық сында шаршы алаңда атой салған отандасымыз жекпе-жектен кейін Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, Азиаданы қорытындылады.