Сейсмикалық қауіпті аймақтарда оқшаулау жүйелері қолданылады – Қанат Шарлапаев
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев нарықтағы жосықсыз құрылысшылармен күрес шараларын атап, жаңа құрылыс кодексі жобасының басты жаңашылдығын атады.

- Бүгінде құрылыс кодексінің жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына енгізілді. Жобада көзделген шаралар нарықтағы жосықсыз құрылысшыларды жоюға, барлық субъектінің құзыреттілігі мен кәсіби жауапкершілігін арттыруға арналған. Сондай-ақ жобалау және құрылыстың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, жаңа кодексте құрылыс жобалары мемлекеттік сараптамалық тексеруден өтеді.
- Сонымен қатар жаңа құрылыс кодексі аясында жауапкершілікті сақтандыру арқылы сарапшыларды сертификаттауды енгізу жоспарлануда. Сейсмикалық қаупі бар аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, жобалау және құрылыс барысында, сейсмикалық оқшаулау жүйелері қолданылады. Жалпы әзірленген тәсілдер, азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін, ашықтықты қамтамасыз етуге, бақылауды күшейтуге, сапа мен жауапкершілікті арттыруға бағытталған, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, биыл 10 мыңнан астам кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Үкімет отырысында елімізде 2030 жылға дейін құрылыс саласына 200 мыңнан астам маман қажеттігі айтылды.