Сейсмология институты ТЖМ-дан Ғылым министрлігіне өте ме

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Сейсмология институтының келешегі туралы пікір білдірді. 

Сейсмология
Фото: Kazinform/Александр Павский

Азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіретін құжатты талқылау кезінде депутат Бақытжан Базарбек Төтенше жағдайлар министрінің назарын Сейсмология институтының қазіргі ахуалына аудартты.

- Сейсмология институтын Төтенше жағдайлар комитетінің «баласы» деуге болады. Сол «балаңыз» қазір қамқорлыққа зәру, - деп бастаған депутат сала мамандарының ғылыми мәртебесін қайтару туралы бастама сиырқұйымшақтанып бара жатыр деген уәж келтірді.

Бақытжан Базарбек өзі аралап шыққан сейсмологиялық стансалардың ішінде Медеудегісі ғана талапқа сай болғанын, қалғандары металл үйіндісінен айналғанын атап өтті.

- Ата-ана баласына дұрыс қарамаса, құқығынан айырылады. Сол сияқты Сейсмология институтын күтіп ұстай алмайтын болсаңыздар, Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткізіп беруге дайынсыз ба? - деп сұрады ол.

Шыңғыс Әрінов аллегорияға аллегориямен жауап берді.

- Ата-ана ілтипатымен салыстырып айтсақ, қамқорлық жетпей жатқан тек Сейсмология институты ғана емес. Өкінішке қарай, 11-12 айдың ішінде бір-ақ сәтте тәртіп орнату мүмкін болмады. Жаңарту, кемшілікті түзеу кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Ғылым министрлігімен бірге бұл мәселені шештік. Үкімет айқын ұстанымын айтты. Институт ТЖМ құрамында қалатын болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ақша бөлінген. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Институттың бас ғимаратында биыл жазда жөндеу басталады. 150 сейсмологиялық стансаның жайына келсек, жағдайы шынымен аянышты. Капсула түріндегі үйге көшіреміз бе деген бір нұсқа бар. Не болса да, бір өркениетті жолын табамыз. Қызметкерлер қолайлы жұмыс істейтіндей жұмыс істейміз. Сейсмологтарды әлеуметтік қолдау жағына келсек, биыл бірінші рет сыйақы, грант алып, кіріс көрсетті. Мен келгенге дейін кірісінен шығысы көп болатын, - деді министр.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сейсмология институтын өзі басқарып отырған ведомствоға қайтару мүмкіндігіне пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар