Шабындық тапшы: Павлодарда бір тонна шөптің шығыны 50 мың теңгеге жетіп тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Шабындыққа шалғы түсіп, ауыл жұрты төрт түліктің қысқы жем-шөбін қамдаудың қамына кірісті. Биыл өңір бойынша 1,7 миллион тоннадан астам шөп дайындау жоспарланған. Дейтұрғанмен, бірқатар ауданда жаздың құрғақ әрі ыстық болуынан шабындықтар күйіп кеткен.

Бір тонна шөптің шығыны – 50 мың теңге
Әсіресе, Баянауыл, Ақтоғай аудандары мен Екібастұздың ауылдық аймақтарында жағдай мәз емес. Мұнда гектарынан жиналатын шөп небары – 4-5 центнер. Аз ғана жем-шөп үшін дүниенің трактор отынын шығындаған шаруалардың еңбегі еш, тері сор болып отыр.
Жалпы облыс бойынша қазір бір түк шөптің орташа бағасы 800-900 теңгеге дейін барады. Жол шығынын есептеумен әр түк шөп шаруаның қорасына жеткенде 900-1000 теңгеге бағаланады. Бір бумада небары 20 кг шөп бар. Сонда бір тонна мал азығы үшін ауыл адамдары орташа есеппен 45-50 мың теңге шығындалып отыр деген сөз.
Өңірде қыс ұзақ болатыны себепті мал азығын молынан қамтыған дұрыс. Осыны негізге алған шаруашылықтар жыл сайын шөпті жоспардан асырып шауып жүр. Мәселен былтыр шөп аста-төк шығып, фермерлер бір жарым жылға жететін шөп құрын құрды. Алайда биыл кейбір шаруашылықтар үшін мал азығын дайындау шығынды болып тұр.
Қырдағы шабындықтарды киік жапырып кеткен
Мысал үшін Май ауданының шаруалары қырдағы шөбін шауып алатын аз ғана жерлерді биыл киік таптап кеткенін айтады. Ауыл адамдары негізгі қорды Ертіс өзенінің жайылмаларынан жинайды. Бірақ кейбір шаруашылықтар жайылмадан алыс орналасқан, сондықтан қырдың шөбіне тәуелді. Айтуларынша, бұған дейін бітік шыққан шабындықтардың басым бөлігін киіктер отап тастаған. Олардың қайта көтеріле қоюы неғайбыл. Ал кейбір ауылдық округтерде шабындық жетпей жатыр.
Аудан басшысы Қадылжан Сәтиевтің сөзіне сүйенсек, мал өсірушілер шамамен 100 мың тоннаның үстінде мал азығын қамтуы керек.
- Кейбір ауылдық округтерде халық саны көп орналасқанына орай, мысал үшін Кеңтүбек пен Көктөбеде шабындық жерлер жетіспей жатқаны рас. Оларға өзге аумақтардан жер қарастыруға тырысамыз. Кейбір бос жатқан шабындықтар болады, соларды бірнеше шаруаға тең бөліп береміз. Шабындықтардың киік таптау мәселесі бізде аса өзекті емес, себебі шөп шабатын шалғынды аумақтардың барлығы дерлік жайылмаларда орналасқан. Ал ақбөкендер жайылмаға жоламайды,-деп сендірді әкім.
Ресми деректерге сүйенсек, Павлодар облысының аумағында шамамен 30 мың киік бар. Олардың дені Май ауданының аумағында кездеседі. Киіктер мал жайылымдарын таптап, төрт түлік арасында түріл аурулардың көбеюіне себепкер.
Май ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бейсекенов киіктерге қатысты мәселе бар екенін жеткізді. Айтуынша, қырдағы шабындықтардың біразын көтерілмей тұрып жайпап кеткен. Ал өткен қыс пен көктемде жүздеген киік көтерем болып немесе аурудан сай-салада жусап қалған. Ол уақытында жиналмаған соң иістеніп, түрлі аурудың ошағына айналады. Әсіресе суаттарда әлі күнге жатқан өлекселер бар.
- Суаттан су ішкен бірнеше жылқым тырапай асып өліп қалды. Кейін ол жерде киіктің өлексесі жатқанын білдім. Көктемде 10 шақырым радиусте 30-40 киіктің өлексесі жатқанын көргенмін. Бірақ олардың барлығы жиналған жоқ, сай-салада әлі де түз жануарларының өлекселері жатыр. Жауапты органдар мен ветеринарлар осы мәселені ескерсе екен дейміз,-дейді шаруа.
Ал аудан басшылығы игерусіз жатқан далалы жерлер шамамен 1,8 млн гектарды құрайтынын, соған орай назардан тыс қалған киік өлекселері болуы мүмкін екенін жасырмады. Оның үстіне ақбөкеннің өлекселерін жинау, жою заңдық тұрғыдан алғанда машақаты мол жұмыс көрінеді. Бұл шаруаларды ауыл әкімдері үйлестіреді. Әкімдер ветеринарлармен, учаскелік полицейлермен бірге хаттамалар толтырады, киіктің неден өлгенін анықтау үшін материалдар алып зертханаға жібереді. Тек қорытындысы шыққан соң ғана барып оны қорымға апарып жоюға рұқсат. Мұндай машақат киіктен келетін кесапатты уақытында жойып отыруға үлкен кедергі.
Шөпті сырттан тасып жатыр
Өкінішке қарай, Баянауылдағы кейбір шаруа қожалықтары биыл жеткілікті шөп жинай алмай отыр. Мамыр-маусым айларында жауын-шашынның өте аз көлемде түсуі, аптап ыстықтың айлап тұрып алуы шабындықтардың күйіп кетуіне соқтырған. Тау бөктерлеріндегі көдешөпті амалдап шауып жатқан мал иелері гектарынан ең көбі 4-5 центнер жинайтындарын айтып қынжылды. Амалы құрыған шаруалар қазір Аққулы мен Шарбақты аудандарынан шөпті бумалап тасып жатқан көрінеді.
Баянауыл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытжан Күлжан биыл жергілікті шаруалар 172 мың тонна шөп үюді жоспарлаған. Бірақ шауып алуға шабындық жеткіліксіз.
«Былтырдан қалған шөп те бар, бірақ биыл қор жасамаса болмайды. Мына Лекер қажы, Аймауытов ауылдық округтерінің халқы Шарбақты, Аққулы аудандарынан шөп сатып әкеліп жатыр. Бір орамасы 8-9 мың теңге тұрады. Ал теңдеп буылған бір түгі – 850-900 теңге. Баға қымбаттай қоймаған, былтырғы жылдың деңгейінде. Аудан бойынша 73 мың ірі қара, 110 мың қой-ешкі, 54 мың жылқы бар. Жылдағы шабындық көлемі – 240 мың гектар. Былтыр шөптің өнімділігі гектарына 11 центнерге дейін барған еді. Биыл екі жарым есе төмендеп кетті. Бұған жаздың ыстық болуы әсер етті», дейді ол.
Миллионнан астам мал қыстақтарға кіреді
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленовтің дерегінше, алдағы қысқа 1 млн 770 мың тонна мал азығы қамдалуы тиіс. Оның ішінде 1,2 млн тонна шөп шабылуы керек. Шөп шамамен бір жарым миллион гектардан жиналады. Сондай-ақ 86,5 мың тонна пішендеме, 182 мың тонна сүрлем, 317 мың тонна сабан дайындалады. Бұл көлемдер жем-шөптің толыққанды қорын құрып, мал басының сақталуына мүмкіндік беруі тиіс. Аймақ бойынша гектарынан орташа алғанда 7,8 центнер шөп шабылып жатыр.
Шөптің шығымдылығы бойынша Павлодар ауданындағы шабындықтар тәуір нәтиже көрсетіп отыр, гектарынан 10,4 центнерден айналуда. Май (жайылма жерлерде), Аққулы аудандарында да көрсеткіш жаман емес. Тауарлы сүт фермаларын ұстап отырған шаруашылықтар қысқы уақытқа пішендеме дайындап жатыр. Бұған қоса кейбір шаруашылықтар жылдағыдай сүрлем әзірлеуде. Оны толықтай жүгеріден бастыратыны себепті жазғы агротехникалық шаралардың толықтай аяқталуын күтіп отырған жайы бар.
- Үш ауданда шөптің өнімділігі өте төмен, Баянауылда - 4,5 центнер, Ақтоғайда - 5,3, Екібастұз қаласының ауылдық аймағында - 6,4 центнер. Жайылмалардағы су қайтты, қазіргі таңда Ертіс өзені бойында орналасқан ауылдар тоғайдағы шөпті шауып жатыр. Бүгінгі күні олардан 183,7 мың тонна шөп дайындалды, орташа өнімділік – гектарына 19 центнер,-деп баяндады Әлібек Жайықұлы.
Статистикалық деректерді сөйлетсек, облыста 499,7 мың бас ірі қара, 700 мыңға жуық қой-ешкі, 305,4 мың жылқы бар. Қыстақтарға 450,6 мың бас ірі қара, 615 мың қой-ешкі, 273,1 мың бас жылқы кіреді деген жоспар тұр.
Осыншама малды қақаған қыста азықпен қамту оңай шаруа емес. Өткен қыс жылы болып, жеке аулалар мен шаруашылықтар қыстың біраз бөлігінде төрт түлігін далада жайып шықты. Ал алдымызда қандай қыс келе жатқанын болжап айту қиын.
Бұған дейін Сәтбаев каналынан жіберілген су Павлодардағы шабындықтардың өнімділігін арттырғаны туралы жазғанбыз.