Шабуыл салдарынан Иранда 201 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Қызыл Жарты Ай қоғамына сілтеме жасап, Иранда 201 адамның қаза тапқанын, тағы 747 адамның жараланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Соққылар Иранның 24 провинциясын қамтыды
Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ пен Израильдің шабуылдары Ислам Республикасының 32 провинциясының 24-іне әсер еткен.
Құрбандардың арасында Иранның оңтүстігіндегі бастауыш қыздар мектебіне жасалған шабуылдан көз жұмғандар да бар. Соңғы мәліметтер бойынша, аталған шабуылдан 85 адам қаза тапқан.
АҚШ әскери қызметшілері арасында шығын жоқ — United States Central Command
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы жүздеген ирандық соққының тойтарылғанын мәлімдеді.
— АҚШ пен серіктестерінің алғашқы соққысынан кейін Орталық қолбасшылық күштері Иранның жүздеген зымырандық және ұшқышсыз шабуылының бетін қайтарды, — делінген хабарламада.
Қолбасшылық сондай-ақ америкалық әскери қызметшілер арасында шығын болмағанын мәлімдеді.
— АҚШ нысандарына келтірілген залал аз болды және олардың жұмысына әсер еткен жоқ, — деп көрсетілген мәлімдемеде.
Израиль шамамен 200 жойғыш ұшақты іске қосты
Израиль әскери мәліметіне сәйкес, шамамен 200 жойғыш ұшақ Иранның батысы мен орталығындағы зымыран кешендері мен әуе қорғаныс жүйелеріне соққы жасаған.
Бұл операция Израиль әскери-әуе күштері тарихындағы «ең ауқымды әскери ұшу» деп аталған.
Ұшақтар жүздеген оқ-дәрі тастап, бір мезетте шамамен 500 нысанаға соққы бергені хабарланды.
Олардың қатарында Иранның әртүрлі аймақтарындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зымыран ұшыру қондырғылары бар, деп жазады Al Jazeera.
— Қорғаныс жүйелеріне жасалған соққылар Израиль әскери-әуе күштерінің Иран аумағындағы әуе үстемдігін кеңейтуге және ирандық режимнің шабуыл мүмкіндіктерін, атап айтқанда Иранның батысындағы зымыран ұшыру позицияларын едәуір әлсіретуге мүмкіндік берді, — делінген Израиль армиясының мәлімдемесінде.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Иранның жоғарғы жетекшісінің резиденциясына зақым келгенін хабарлаған еді.