Shabyt: Жұмысшыларға пәтер мен көлік алуға көмектеметін жаңа жүйе

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық жас қызметкерлерді ынталандыратын жаңа платформа ойлап тапты. Ол қызметкерлердің пәтер мен көлік сатып алу үшін қаражат жинауына көмектеседі.

Shabyt: Жұмысшыларға пәтер мен көлік алуға көмектеметін жаңа жүйе 
Фото: digitalbusiness.kz

— Қазақстанда жұмыс істейтін қызметкерлердің 40 пайызы пәтер ала алмайды. Себебі өте қарапайым. Мысалы, 18-ге енді ғана толған жас жеткіншек күнделікті жүріп-тұруына ақша керек болғандықтан барып жұмыс істейді. Ол даяшы, бариста секілді түрлі жұмыс істеуі мүмкін. Сол үшін жалақы алады. Бірақ кәсіпкерлер салық төлемеу үшін түрлі айла-шарғыға барады. Соның салдарынан кейбіреулердің зейнетақы қорына ақша жиналмай қалады, — дейді Еламан Сейілбек.

Жоба авторы жаңа платформаны жұмыс берушілерге арнап шығарғанын айтады.

— Менің жобам Shabyt деп аталады. Өйткені өзім жұмыста жүріп, идеялар келген кезде шабыттанамын. Солай келген идеяларымды жүзеге асырамын. Ол идеяны жүзеге асыру үшін маған ақы төлеу керек. Егер сен жұмыс істеп жүрсең, сені жұмысқа алған кәсіпкер саған пәтер және көлік алуға өз үлесін қосуы керек. Ал ай сайынғы жалақы — өмір сүруге қажетті қаражат. Менің жобам осы жайында. Бұл жұмыс берушілерге арналған жоба, — дейді стартап жобаның авторы.

Еламан Сейілбек еліміздегі көптеген дарынды азамат жеткілікті деңгейде бағаланбай жатқанын жеткізді.

— Мен Мәскеуде болдым. Әрине, онда нарық кең. Бірақ ондағы адамдардың базалық қажеттіліктері өтелген. Ал Қазақстанда олай емес. Таксимен көп жүремін. Такси жүргізушілерімен әңгімелессеңіз, «Мен экономист мамандығын бітіргенмін, мынадай жерлерде жұмыс істедім. Бірақ бастығымнан шаршап кеттім, ол мені тыңдамайды, сол үшін такси қызметіне кеттім» деп айтады. Ол адамның қазаққа тигізер пайдасы көп еді. Бірақ ол қазір такси жүргізіп жүр. Сол үшін мен қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген 11 миллион қазаққа осы жобаны ойлап таптым. Shabyt деп атаған себебім — бізге идея шабытпен келеді, — дейді ол.

Жаңа платформа қаржыны тиімді жинауға да жәрдемдеседі екен.

— Платформада екі түрлі мүмкіндік бар. Бірі — Shabyt QR, екіншісі — электронды әмиян. Бұл жүйеде банктердегідей жыл сайын 12 пайызбен жинаған ақшаңа үстеме қосылады. Қазір біз «Отбасы банкпен» бірге арнайы пилоттық жоба жасап жатырмыз. Бізде де тура сондай реттік нөмірі бар депозит ашылады. Мысалы, көп қызметкердің «Отбасы банкте» шоты жоқ. Олардың Отбасы банкке барып, ипотека жайлы сұрауға уақыты да жоқ. Сол үшін біз оларға «Сендер жұмыс істеңдер, өз еңбектеріңмен қаржыларыңды табыңдар. Ал біз сендерді барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз» деп айтамыз, — дейді жоба авторы.

Алайда бұл жобаны толықтай жүзеге асыру үшін қыруар қаражат керек.

— Қазір біз Қазақстандағы үлкен компаниялармен пилоттық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Негізі кез келген гипотеза дәлелдеуді қажет етеді. Қазір менде гипотеза бар. Басқа компанияларға идея ұнап жатыр. Алайда платформаны толықтай жасап, жарыққа шығару үшін 50–60 миллион теңге қажет, — дейді Еламан Сейілбек.

Айта кетейік, қаржылық мониторингі агенттігі «Заң және тәртіп» нормативі аясында қаржылық қауіпсіздік тақырыптарына арналған мультфильмдер циклын іске қосты.

Соңғы жаңалықтар