«Шабыттың» шәкірттері балық емес - Жастар қозғалысы шатыры тесік университетті сынап флешмоб өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Қазақстан ұлттық өнер университетінің шатырындағы ақауға қарсылық білдіріп, «Шелек шабытты құртады» атты флешмоб өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Видеодан алынған кадр

Қозғалыс белсенділерінің мұндай шара ұйымдастыруына БАҚ-тағы мәліметтер түрткі болған. Ол ақпаратты әлеуметтік желі қолданушылары іліп әкетіп, шатырдан аққан қар суына шелек тосып қойған суреттер мен видеолар таратып жатыр.

«Жаңа адамдар» қозғалысы өкілдерінің айтуынша, уинверситеттің осынау пұшайман күйін «Шабыт» театрына қойылым қою үшін келген шетелдік әртістер де куә болған.

«Университеттің шұрық-тесік шатыры мен залда тұрған қалың шелек ҚазҰӨУ студенттері үшін үйреншікті көрініске айналған. Көнбістіктің кесірінен бұл қалыпты жайтқа айналып отыр. Бірақ олай болмауы керек! Студенттер ыңғайлы және қауіпсіз жағдайда білім алуға құқылы. Жаңа Қазақстан дәл осындай өзгерістерден, кіре берістерден, аулалардан, көшелерден, оқу орындарынан басталады. Бұл инфрақұрылымның ғана мәселесі емес, жауапкершілік мәселесі де», - дейді «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсендісі Әлихан Сәрсенов.

«Шелек шабытты құртады» флешмобы арқылы жастар оқу орнының басшысына үндеу тастады.

«Шабыттың» оқушылары балық немесе сүңгуір емес. Олар шығармашылықпен қалыпты жағдайда айналысуға тиіс.

Біз ҚазҰӨУ басшылығына осы мәселені шешуді немесе лайықты жандарға орындарын босатуды ұсынамыз», - делінген қозғалыстың Телеграмм-парақшасында.



Соңғы жаңалықтар