Шағын бизнес кооперациясы экономикалық өсімге әсер етеді – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Шағын және орта бизнес кооперациясының экономикаға пайдасы зор. Оның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, кедейлік деңгейі төмендейді. Бұл жөнінде Халықаралық кооперативтік альянсы Сауда және бизнес бойынша комитетінің (Азия-Тынық мұхиты аймағы, Нью-Дели) мүшесі Сумит Сингх мәлімдеді.
Ол «Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің экономикалық интеграциясы және ынтымақтастығы: өндіріс, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифровизация салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» бизнес форумында аталған тақырыпқа тоқталды.
— Біз шағын кәсіпорындарды сауда кооперациясы дамуының негізгі қозғаушысы ретінде қарастырамыз. Олар экономиканы өрге бастырады. Біз шағын бизнес субъектілерін шағын индустриализация моделіне біріктіреміз. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылады, өнім көрсеткіші өседі және тұрақты табысты қамтамасыз етеді, — деді сарапшы.
Оның айтуынша, кооперациялық модельдер шағын бизнеске табысты қайта инвестициялауға, тауарлардың кешігіп жетуін азайтуға, сондай-ақ, экономиканың тұрақтылығын ұзақ мерзімді тұрғыда нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Сумит Сингх халықаралық тәжірибеге тоқталды. Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея секілді елдерде кооперация ауыл шаруашылығын, жұмыспен қамтуды, технологиялық дамуды ілгерілету құралы ретінде қолданылады.
— Кооперация жергілікті кәсіпкерлікті өркендетуге және тұрақты экономикалық жүйені қалыптастыруға ықпал етеді. Одан бөлек, кедейлік деңгейі төмендеп, халыққа жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, — деді ол.
Сонымен қатар, шағын кәсіпорындар нарыққа еніп, экономикалық жүйелерге интеграциялануына жағдай жасау да маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін ТМҰ бизнес форумында екі меморандумға қол қойылғанын жазғанбыз.