Шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу маңызды — Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу маңызды — Бектенов
Фото: Үкімет

— Қаржы министрлігі «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етсін. Бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет. Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды бөлу үшін аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде басым салалардың тізбесін қалыптастырсын. Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өндірістік ғимараттарды жеңілдікпен жалға алуына мүмкіндік жасаған жөн, — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Олжас Бектенов шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу маңызды іс екенін атап өтті. 

— Мәселен, Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл жергілікті бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға 25,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл жалпы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмаған, қала үшін неғұрлым басым бағыттардың дамуын ынталандыруға мүмкіндік берді. Табысты мысалдардың бірі ретінде қалада жылдық 6%-ға дейін жеңілдікті несиелер беру арқылы шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту ісін айтуға болады. Басқа да өңірлерде оң тәжірибе бар. Оны бүкіл еліміз бойынша кеңінен тарату қажет, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін «Іскер аймақ» бағдарламасы қандай бағыттарда іске асырылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар