Шағын болса да бәрібір жеңіс - сарапшылар Масс-медиа туралы заң жобасы жайлы

заң жобасы БАҚ
Фото: Freepik; Kazinform

Парламент Мәжілісі «Масс-медиа туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасы мемлекет мүдделерін, қоғамның қажеттіліктерін және БАҚ саласындағы даму тенденцияларын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Осы мақсаттар қаншалықты орындалып жатқаны туралы сарапшылардың, заң жобасын әзірлеуге қатысқан депутаттардың, сондай-ақ журналистердің пікірлерін сұрадық. Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

Қазір заң жобасын сенаторлар қарап жатыр.

Қоғамның айнасы

Бұл заң жобасы 2 жыл бұрын әзірлене бастады. Осы уақытқа дейін түрлі сынға ұшырап, талқыға түсті. Бұл жоба әзірленіп біткенше салалық министрліктің басшылық құрамы да талай ауысты. Мәжілістегілердің айтуынша, дәл осы заң жобасына қатысты Парламентте ең көп жұмыс тобы құрылған.

Жобаның бірнеше рет талқыланып, сараптамадан сұрыпталғаны дұрыс және заңды. Бұл ретте БАҚ өкілдерінің өз қызметіне бей-жай қарамай, заң шығарушы және уәкілетті органдардың өкілдерімен етене жұмыс істегені қуантады.

2022 жылы маусымда алғашқы жұмыс тобы құрылғанда оған 60 адам мүше болған. Журналистердің сөзінше, жарты жылдан кейін алғашқы талқыланған нұсқадан мүлдем басқа құжатқа айналды.

Мәселен, заң жобасына арналған тұжырымдаманың бастапқы редакциясында ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау істері бойынша талап қоюдың ескіру мерзімін қысқарту ұсынылған. Бұл норма бойынша журналистер өз материалдарының дұрыстығын дәлелдеу үшін мұрағаттарды, бейне және аудио құжаттарды 3 жыл бойы сақтауға міндеттелді.

Сондай-ақ, «редакцияның тапсырмасын ерекше жағдайларда орындау туралы ереже» де пайда болды, оған сәйкес журналистер «ерекше жағдайда», яғни төтенше жағдайлар кезінде өз материалдарын лауазымды тұлғалармен келісуге міндетті деген талап қойылды. Әйтпесе, БАҚ қызметкерлерін жұмыс атқара алмайтын болуы мүмкін еді. Журналистер бұл нормаға жаппай наразылық білдірді.

Бұдан бөлек, БАҚ қызметкерлеріне міндетті пресс-карта (арнайы комиссия беретін) туралы ереже де сынға ұшырады. Бұл картаны алу үшін журналистикада кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі және салалық білімі болуы керек деген талап болған. Сондай-ақ, комиссия журналисті «әкімшілік құқық бұзушылық немесе этикалық нормаларды сақтамағаны үшін» пресс-картасыз қалдыруы мүмкін деген де болды.

Журналистер басқа да нормалармен келіспеді. Олар өздері ұсынған көп өзгеріс еленбей қалғанын айтып отыр. БАҚ өкілдерінің сөзінше, заң жобасының осы нұсқасы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Теледидар және радио хабарларын тарату туралы» заңдарды қосып бір құжатқа біріктіре салғанға ұқсайды.

2023 жылдың қарашасында заң жобасын Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда қабылдады. Содан бері жұмыс тобының 30-дан астам отырысы өтті.

Қай норма қабылданды?

Осы аптада заң жобасы ілеспе түзету қосылып, Мәжілісте екінші оқылымда қабылданды.

Құжатты депутат Жанарбек Әшімжан таныстырып, негізгі өзгерістерге тоқталды.

БАҚ Жанарбек Әшімжан
Фото: parlam.kz

Заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін «баспасөз картасын» енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғам ішінде үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобындағы мүшелердің басым бөлігі бұл норманы демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды – «пресс-карта» туралы норма жойылды, – деді депутат.

Сонымен қатар, «Бұқаралық ақпарат», «Діни телебағдарлама», «Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндама», «Теле-радио арнасын тіркеу туралы куәлік» деген ұғымдар алынып тасталды.

Сондай-ақ, заң журналистің (БАҚ өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер береді. Құқықтың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылған талаптардың ескіру мерзімі – мұндай ақпарат жарияланған күннен бастап үш жылдан бір жылға дейін қысқартылды. Осы және басқа да түзетулер жаңа заңға енгізілді. Ол күшіне енгеннен кейін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың күші жойылады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова жобадағы маңызды нормалар туралы айтып берді. Бұл өзгерістерді депутаттар Жұлдыз Сүлейменова, Сергей Пономарев, Никита Шаталов ұсынған.

масс-медиа
Фото: parlam.kz

Заң жобасында орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айқындадық. Мен үшін маңызды өзгерістерді бірі – осы. Бұған қоса, мемлекеттің ақпарат тапсырысының ашықтығы мен таралуына қатысты өзгерістер ұсындық. Оның негізгі тетіктерін анықтап, әзірледік, – деді Жұлдыз Сүлейменова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Депутат 30 тұжырымдамалық норманы қосуға тырысқанын атап өтті. Олардың ішінде газеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ қызметкерлерінің жалақысын арттыру бар. Сондай-ақ, Жұлдыз Сүлейменова журналистерді сақтандыру мәселесінің көтерілгенін де айтты.

Журналистер өмірге қауіпті жерлерде жұмыс істейтін болса, оны сақтандыру керек екенін айттық. Оның арнайы экипировкасы болуға тиіс. Жалпы оны қауіпті жағдайлардан сақтандыру қажет. Бұл нормалар қабылданды. Ал, пресс-картаға, оңай жолмен алынатын аккредитацияға қарсы болдық. Аккредитацияның бірыңғай ережесін ұсындық. Жұмыс тобы біз ұсынған көп норманы қабылдады және бірсыпырасы өтпей қалды, – деді спикер.

Оның айтуынша, балалар контентіне қатысты норма көпшіліктің көңілінен шыққан.

Балаларға арналған контентті жариялайтын БАҚ-тарға грант бөлу туралы бастама көтердім. Бізде ондай контент аз. Енді оларға бөлек грант беріледі. Осы норманы қолдады, – деді депутат.

Жалпы, оның айтуынша, жаңа заң – тұжырымдамалық жұмыстардың жалғасы.

2023 жылдың жазында «Онлайн-платформалар туралы» заң қабылданды. Онда онлайн платформаларды дамытуға қатысты негізгі тәсілдер мен нормалар нақты жазылған. «Масс-медиа туралы» заң – сол үлкен жұмыстың жалғасы. Мұнда барлық ақпарат агенттіктерін, жаңа медианы және дәстүрлі БАҚ-ты масс-медиа деп танимыз. Бұл – сол үлкен тұжырымдамалық жұмыстың жалғасы, – деп толықтырды Жұлдыз Сүлейменова.

Қазақ тіліндегі контент 60 пайызға дейін жетеді

Медиа саласында көп жыл еңбек еткен сенатор Нұртөре Жүсіптің пікірінше, БАҚ саласында шығармашылық еркіндік пен таза бәсеке орнығатын болса, көптеген оңды нәтижеге қол жеткізуге болады. Оның айтуынша, ілеспе заң жобасы аясында ҚР Қылмыстық, кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Нұртөре Жүсіп
Фото: Kazinform

«Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радио бағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту көзделген», - деп атап өтті сенатор.

Сондай-ақ ол желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктері «интернет-басылым» деген бірыңғай ұғымға біріктірілгеніне тоқталып өтті. Бұл ретте, интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылатын болды.

«Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Мәжілістен келіп түскен «Масс-медиа» туралы заңды жұмыс топтарының отырыстарында барынша байыпты талқылаудан өткізетін болады», - деді комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп.

Медиасыншылар не дейді?

Дегенмен, кейбір сала өкілдері жаңа заң жобасынан тек екі елеулі артықшылық көріп отыр. Олар: талап қою мерзімінің қысқартылуы және журналистің жұмыс кезінде денсаулығына зардап тисе немесе қайтыс болған жағдайда келтірілген шығынды жұмыс беруші өтеуге міндетті деген норма.

Ал медиа сыншылар, керісінше, жаңа заңды толық болмаса да, жеңіс деп санайды.

Заңдар барлық қатысушыларға теңдей мүмкіндік беріп, бәріне бірдей ойын ережесін орнатуы тиіс. Ережені бұзудың салдары да барлық ойыншыға бірдей болуы шарт. Сондықтан заңның жақсы немесе жаман екенін екі позициядан бағалау керек: «ол қатысушылардың жағдайын нашарлата ма әлде жақсарта ма? Сенатқа жолданған заң жобасы, кейбір тармағын есепке алмағанда, нарық субъектілері үшін елеулі шектеу қоймайды және бұл – сөз бостандығы үшін де, бизнес ретіндегі БАҚ үшін де үлкен жеңіс, – деді медиасыншы, «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Қарлығаш Жаманқұлова
Фото: Қарлығаш Жаманқұлованың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, заңда журналистер мен тәуелсіз редакциялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететін жаңалықтар бар. Оның бірі – талап қою мерзімін 1 жылға дейін қысқарту.

Енді журналистер жазған материалдарындағы деректерді дәлелдеу үшін өмір бойы фото, аудио, видеоны сақтап жүрмейді, – деді спикер.

Әрине, сарапшы әлі де атқарылатын жұмыс көп екенін атап өтті.

Алайда мен әлемнің мінсіз болғанын армандайтын адаммын. Сондықтан, өтпей қалған тұстарды қайталап өтейін. Депутаттар объектив журналистиканы қорғау және жалған жаңалықтардан қорғау үшін БАҚ-ты қаржыландыру көздерінің, демеушілер мен БАҚ-тың түпкілікті бенефициарларының ашықтығын қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан бас тартты. Бұл неліктен маңызды? Оқырманның бұл «БАҚ-қа кім ақша төлеп жатқанын» түсініп, ақпаратқа сенемін не сенбеймін деп өзі шешім шығаруы керек. Сонымен қатар, деректі тексеруге және редакторлардың жұмысына ресурс, күш жұмсайтын редакциялар ақпаратты аноним тарата салатын арналарға қарағанда бәсекелестік тұрғыдан басымдыққа ие болуы керек. Сонда бұл артықшылықты иелену үшін нарықтағы қатысушылар оқырман сеніміне негізделген, репутациялық құндылыққа ұмтылатын болады, – деп санайды сыншы.

Жалпы, оның пікірінше, саланың жұмысы өзін-өзі реттейтін жүйелер негізінде құрылуы керек.

Болашақта бұл мәселелерге қайта оралуға мүмкіндік болады деп сенемін, - деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, БАҚ туралы заңға соңғы өзгерістер 2020 жылдың маусымында енгізілген. Мемлекет басшысы жала жабуды декриминализациялау туралы заңға қол қойды. Сала мамандарының айтуынша, бұл БАҚ өкілдері үшін ең болмағанда жұмысы үшін жаза арқалаудан қорықпауға мүмкіндік беретін маңызды түзету болды. Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылдың наурызында Президент «бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ құру керек» деген тапсырма берді. Енді соның нәтижесінде «Масс-медиа туралы» жаңа заң қабылданады деп күтілуде. Ал сала өкілдері бұл мінсіз деп атауға келмейтін заң болса да, қоғам мен мемлекетке қажет оң өзгерістерге бастайтын алаң құрылып жатқанына сенімді.

Соңғы жаңалықтар