Шағын футболдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бүгін екінші ойынын өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM - Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында бүгін Босния және Герцоговинамен ойнайды.

Кездесу қазақстандық уақытпен 16:05-ке белгіленген. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлем чемпионатындағы алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Польшаға 1:2 есебімен жол берді.
Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Дүбірлі дода Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы (WMF) аясында өткізіліп жатыр.
Қазақстан құрамасы F тобында АҚШ, Босния және Герцоговина, Польшамен сынға түсіп жатыр.
Енді Қазақстан құрамасы бұдан кейін 26 мамырда АҚШ-пен ойнайды.
Отандастарымыз 2023 жылы әлем чемпионатында Румынияға (2:2, пенальтиден 11:12) есе жіберіп қойды.
2015 жылғы алғашқы турнирден бастап әлем чемпионаты екі жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Ол 2017 жылы Африканың Тунис мемлекетінде болса, одан кейін 2019 жылы Аустралияда, 2023 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде жалауын көтерді. Ал 2021 жылы пандемияға байланысты өткен жоқ.
Қазірге дейін Чехия 2015 және 2017 жылдарда чемпион атанса, 2019 жылы Мексика, 2023 жылы Румыния кубокты төбесіне көтерді.
Әлем чемпионаты 1 маусымда мәресіне жетеді.