Шағын футболдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Польшадан жеңілді

АСТАНА. KAZINFORM — Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында Польшадан жеңілді.

Шағын футболдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Польшадан жеңілді
Фото: sports.kz

Дүбірлі дода Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы (WMF) аясында өткізіліп жатыр.

Алғашқы ойында қазақстандық құрама Польшамен кездесті. Ойын барысында қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Ел құрамасынан Дмитрий Двирный 21-минутта есеп ашқан еді. Одан кейін польшалық Артур Кощна 39-минутта таразы басын теңестірсе, Петр Маковски 45-минутта өз құрамасына жеңіс сыйлады.

Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Онда Қазақстан құрамасы F тобында сынға түседі. Қарсыластары — АҚШ, Босния және Герцоговина, Польша.

Енді Қазақстан құрамасы 24 мамырда Босния және Герцоговина, 26 мамырда АҚШ-пен ойнайды.

Отандастарымыз 2023 жылы әлем чемпионатында Румынияға (2:2, пенальтиден 11:12) есе жіберіп қойды.

Әлем чемпионаты 1 маусымда мәресіне жетеді.

Соңғы жаңалықтар