Шағын футболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын топтық кезеңде аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында жарысты топтық кезеңде аяқтады.

Шағын футболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын топтық кезеңде аяқтады
Фото: Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы

Олар үшінші ойында АҚШ құрамасын 5:3 есебімен жеңді. Ел құрамасынан Әлихан Сайранов (8-минут), Ахата Жолшорин (10-минут), Айболат Адахманов (16-минут), Илья Буртовой (49-минут), Дмитрий Двирный (50-минут) мергендік танытты. Оған американдық футболшылар үш голмен жауап берді.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, топтық кезеңде үшінші орынды місе тұтты. Салдарынан жарысты жалғастырудан шет қалды.
Бұл топтан Польша мен Босня және Герцоговина құрамалары ширек финалға шықты.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы Польшаға (1:2) есе жіберіп, Босния және Герцоговинамен (1:1) тең түсті.

Отандастарымыз 2023 жылы әлем чемпионатында Румынияға (2:2, пенальтиден 11:12) есе жіберіп, күміс медаль алған еді.

Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Дүбірлі дода Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы (WMF) аясында өткізіліп жатыр.

2015 жылғы алғашқы турнирден бастап әлем чемпионаты екі жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Ол 2017 жылы Африканың Тунис мемлекетінде болса, одан кейін 2019 жылы Аустралияда, 2023 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде жалауын көтерді. Ал 2021 жылы пандемияға байланысты өткен жоқ.

Қазірге дейін Чехия 2015 және 2017 жылдарда чемпион атанса, 2019 жылы Мексика, 2023 жылы Румыния кубокты төбесіне көтерді.

Соңғы жаңалықтар