Шағын футбол: Қазақстан әуесқойлар құрамасы әлем чемпионатында күміс медаль алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі дода Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткізілді. Ақтық сында қазақстандықтар Бразилияға 0:3 есебімен жол берді. Осылайша, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.
Айта кетсек, ел құрамасы Е тобында сынға түсті. Барлық кездесуінде жеңіске жетті. Алдымен Швейцарияны 5:2, Үндістанды 22:1, Италияны 8:2, Ливияны 5:0, Францияны 2:1 есебімен сүріндірді.
Плей-офф сатысында Молдованы (6:0), Мексиканы 2:1 және Польшаны (3:0) жеңді.
Әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұған дейін 2018 жылы Германия, 2019 жылы Ресей құрамасы чемпион атанған еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын футзалдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен екі мәрте жолдастық кездесу өткізетінін хабарлаған едік.
Фото: shepherdsports.org