13:01, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Шағын және орта бизнесті несиелендіру мөлшерлемесі 12,5 пайыздан аспауы тиіс ? әкімдіктегі кеңес
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Шағын және орта бизнесті несиелендіру үшін екінші деңгейлі банктерге бөлініп отырған 117 миллиард теңгенің 50 миллиарды Алматы, 30 миллиарды Астана қалаларының еншісіне тиіп отыр.
Бұл туралы бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен өткен кеңесте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Астана қаласы бойынша филиалының атқарушы директоры Алма Қасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қаржыландыру 4 кезеңде жүзеге асырылады. Бүгінде екінші деңгейлі банктерден 28 миллиард теңгеге сұраным түсті. Қаржыландырудың бірінші кезеңінде несиелендірудің көлемі 32 миллиард теңгені құрайды. Оның 5,3 миллиарды Астана қаласына бөлініп отыр. Бөлінген қаржының банктерде орналасу мерзімі 7 жыл. Яғни, шағын және орта бизнес субъектілеріне бөлінген қаржы 84 айдың ішінде игерілуі тиіс. Банктерге қойылып отырған шарттардың негізгісі - несиелеудің жылдық үстемесі 12,5 пайыздан аспауы керек», - деді ол. Несиелендіру «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен келісімге отырған 12 банк, атап айтқанда, «Қазкоммерцбанк», «БТА Банк», «Қазақстанның халықтық жинақ банкі», «АТФ Банк», «Центр Кредит Банкі», «KaspiБанк», «Нұрбанк», «Еуразиялық Банк», «Цесна Банк», «Альянс Банк», «Астана-Финанс Банкі» және «Сбербанк» арқылы жүзеге асырылады.