17:15, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Шағын және орта бизнестің жобалары индустриялық-инновациялық даму бағдарламасынан шығарылуы мүмкін
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Біздің қазіргі өзгерістерімізге сәйкес, алдағы уақытта шағын және орта бизнестің жобаларын Индустрияландыру картасынан шығару жоспарланған. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Оның айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы (2015-2020) барысында бірінші бесжылдықтың барлық кемшіліктері ескерілетін болады. «Осыған орай, біз тұжырымданы әзірлеп, жақын арада оны Президент Әкімшілігіне енгізуді көздеп отырмыз. Оның басты бағыттары мақұлданса, Индустрияландыру картасынан шағын және орта бизнестің жобалары шығарылып, кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық бағдарламаларына ауыстырылады. Содан бастап оның барлығына өңірлік даму министрлігі жауапты болмақ. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларда арнайы бағдарлама аясында іске аспақ. Ал Индустрияландыру картасында тек жоғары технологиялық жобалар ғана қалады», - деп атап көрсетті Ә.Исекешев.