17:55, 28 Сәуір 2009 | GMT +5
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау: сауал мен жауап
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы бойынша орта және шағын бизнесті қолдауға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» арқылы 120 млрд. теңге қаржы бөлінген болатын.

Бұл қомақты сома кәсіп иелеріне екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие түрінде беріледі. Осы бағдарламаға қатысты шағын және орта бизнес өкілдерінде көптеген сұрақтар туындағаны анық. ҚазАқпарат сол сауалдардың жиі қойылатындары мен ең маңыздылары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қорының берген жауабын назарға тартады. - Несие беру туралы келісім түзген кезде банктер несие бойынша қалған қарызды шетелдік валютаға теңестіре алады ма? Яғни, орта және шағын кәсіп иелерінің қарызын инфляция бағамына сай индексация жасауға бола ма? - Жоқ, банктер олай жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» Қоры қарызды банктерге теңге күйінде берді. Сондықтан, банктер де кәсіпкерлерге ақшаны ұлттық валюта күйінде беруі тиіс. Егер орта және шағын кәсіпкерлікке берген несиені индексациядан өткізетін болса, онда ол кәсіпкерге жеткенше қымбаттап кетеді. Ал бұл Үкіметтің бағдарламасының негізгі мақсатына сәйкес келмейді. Бұл арада, тек АТФ банктегі жағдай сәл өзгеше. Өйткені «Самұрық-Қазына» бөлген 10 млрд.теңгеге үстеме ретінде, банк өз қаржысынан да 10 млрд. теңге бөлді. Бірақ соның өзінде, банк қарызды екі валютада: теңге және доллар күйінде береді. - Банктерге кәсіпкерлер несие алу жөнінде барған кезде, банк оларға жалақылық карточкасын ұсынып, я болмаса, банктің құрамына енетін жинақтық зейнетақы қорына өтуді, немесе тағы да қосымша қызметтерін таңуы жиі кездеседі. Бұл талаптары орынсыз сияқты? - Банктер өздерінің қосымша қызметтерін ұсынуы мүмкін. Бірақ, талап қойып, өздерінің жалақылық карточкаларын немесе банктің құрамына енетін жинақтық зейнетақы қорына өтуді, тағы да қосымша қызметтерін еш таңа алмайды. Сондықтан, кәсіпкердің бағдарлама бойынша несие алуына жоғарыдағы талаптар еш бөгет бола алмайды.
Бас келісімге сәйкес, банктер орта және шағын кәсіп иелеріне несиені жеңілдетіп береді. Бірақ, келісімде банктердің талап қойып, өздерінің жалақылық карточкаларын немесе банктің құрамына енетін жинақтық зейнетақы қорына өтуді, немесе тағы да қосымша қызметтерін таңуы жайлы еш нәрсе айтылмаған. - Кәсіпкердің өз несиесін қайта қаржыландыруы үшін Банкке қосымша құжаттар беруі міндетті ме? Кепілдікке қоятын дүниені қайтадан бағалаудың қажетілігі бар ма? - Бұл жағдайда, қосымша құжаттар жинауға немесе кепілдікке қоятын дүниені қайтадан бағамдаудың қажеті жоқ. ҚР Премьер-министрі алдында өткен селекторлық жиында серіктес-банктермен арада қарыз алушының өз несиесін қайта қаржыландыруы кезінде қосымша құжаттарды ұсынбайтыны және кепілдікті қайта бағамдаудың қажетісіз екендігі келісілді. - Орта және шағын бизнесті қолдау бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несие алу үшін кәсіпкер қандай банкке барғаны жөн? - Осы жылдың 16 ақпанында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Қоры орта және шағын бизнесті несиелеуге банктерге 120 млрд. теңге бөлді. Бұл қаражат былайша үлестірілді: БТА банкке ? 22 млрд. теңге, Альянс банкке - 18 млрд. теңге, Қазкоммерцбанкке - 16 млрд. теңге, Халық банкке - 11,7 млрд. теңге, АТФ банк пен ЦентрКредитБанктің әрқайсысына - 10 млрд.теңгеден, Нұрбанкке 8 млрд. теңге, KaspiБанк пен Сбербанктің әрқайсысына 6 млрд.теңгеден, Цесна банкке 3,3 млрд.теңге, Еуразиялық банк пен Астана?Финанс банктің әрқайсысына 3 млрд. теңгеден бөлінді. Бұған қоса, «Даму» Қоры арқылы тікелей несиелеудің «Даму-Қолдау» бағдарламасы бойынша да 3 млрд. теңге бөлінді.
Орта және шағын кәсіп иелері аталмыш банктерге хабарласуларына болады. - Азаматтар орта және шағын бизнесті қолдау бағдарламасына қатысу үшін белгілі бір талаптарға сай болуы қажет екендігі қисынды. Ол қандай талаптар? - Ол үшін әрине, азамат негізгі талап: несие алғанға дейін орта және шағын бизнес өкілі болуы тиіс. «Шағын кәсіпкерлік туралы» Заңға сәйкес, ол азамат кәсіпорын құрмаған, жеке кәсіпкер болуы да мүмкін немесе орташа есеппен алғанда, жылдық саны 250-ден аспайтын қызметкерлері бар кәсіпорын иесі болуы да мүмкін. Бұған қоса, активтерінің жылдық құны 325 мың есептік көрсеткіштен аспауы қажет. Ал 2009 жылдың 1-қаңтарынан бастап, айлық есептік көрсеткіш 1273 теңге болғанын ескерсек, активтер құны 413 млн.725 мыңнан аспауы тиіс.
Яғни, сіздің бизнесіңіз жеке кәсіпкер ретінде, шаруа қожалығы ретінде, жауапкершілігі шектеулі серіктес ретінде, өндірістік кооператив ретінде тіркелуі мүмкін, алайда қызметкерлеріңіздің саны 250-ден аспауы тиіс және активтеріңіздің балансы 413 млн.теңгеден артпауы қажет.
Кәсіпкерлер қандай салада жұмыс істейтініне қарамастан, несие алуға құқығы бар. Кәсіпкерлерге кепілдіксіз несие берілмейтіндігін атап өткен жөн. Және бұған дейін алған несиесін қайтармаған кәсіпкерлерге, салығын немесе бюджетке төлемдерін дұрыс төлемеген кәсіпкерлерге яғни, жағымсыз несие оқиғалары бар кәсіпкерлерге несие беруден бас тартылады. - Банктер кәсіпкерлерді қандай шарттар бойынша қаржыландырады? - Банк кәсіпкерлерге қаржыны айналымын толықтыру үшін, жаңа құрылғылар сатып алу және жаңарту үшін береді.
Қаржыны беру уақыты 84 айға дейін, ал берілетін қаржының ең үлкен сомасы 750 млн.теңге. Негізгі қарызды төлеу үшін берілетін жеңілдетілген несиенің уақыт мерзімі - 12 айға дейін.
Тағы айта кететін жайт, банктер Үкімет бағдарламасы аясында алған қаржының 70 пайызға жуығын бұрыңғы жобаларды қайта несиелендіру үшін жұмсауға бағытталады. Яғни, сіз егер де бұған дейін жоғарғы пайыздық көрсеткішпен несие алған болсаңыз, төмен пайызбен қайта несиелендірудің негізінде енді оның көлемін азайта аласыз. Жаңа жобаларға қалған 30 пайызы қарастырылған. Демек, өз кәсібіңізді бастағыңыз келсе, банктерден несие ала аласыз. Бірақ жаңадан ашылып жатқан бизнесті қаржыландыру ? біраз тәуекелге баруды талап етеді. Сондықтан банк қосымша кепілдікті қажет етуі де мүмкін.
Қарыз алушыларды несиелендірудің жылдық ставкасының көлемі 12,5 пайыз болмақ.
- Қаржыландыру үшін қай саланың жобаларына көбірек көңіл бөлінеді? - Бастапқы кезде, Үкімет, Ұлттық банк және қаржы ұйымдарын қадағалау агенттігі 2009-2010 жылдарға арнап бағдарлама жасақтаған кезде, орта және шағын бизнестің барлық субъектісін, олардың қандай салада жұмыс істейтіндігіне қарамай, барлығына бірдей қолдау көрсетеміз деген жоспар болған. Бірақ, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қажеттігіне байланысты, әсіресе, тамақ өнеркәсібін қолдау үшін, банктерге бөлінген қаржының 30 пайызынан кем түспейтін бөлігін азық-түлік өнімдерін өндіретін орта және шағын бизнесті қаржыландыру жөнінде ұсыныс жасалынды. - Бұл бағдарламаға қатысу үшін банкке қандай құжаттарды тапсыру керек? - Екінші деңгейлі банктер «Самұрық-Қазынадан» қаржыны уақтылы қайтару шарты бойынша алды. Оның кәсіпкерге берген несиесінің қай кезде қайтқанына қарамастан, банк «Самұрық-Қазына» алдындағы қарызын уақытында: белгіленген мерзімінде қайтаруы тиіс. Міндеттемелер мен тәуекел банктердің мойынында. Сондықтан қайта қаржыландыру үшін немесе жаңа несие алу үшін қажетті құжаттар тізімін банктердің өздері қояды. - Ал қаржының қалай жұмсалғанын кім қадағалап отырады? - Бұл бағдарлама бойынша бөлінген 120 млрд.теңге ? Ұлттық Қордың ақшасы. Сондықтан Үкімет басшысының тапсырмасымен қаржыны қадағалау үшін барлық шара қолға алынған.
Несие алар кезде келісімге қол қойып жатып, кәсіпкер өзінің несиесінің қалай жұмсалатынын тек банк қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар, «Даму» Қоры аймақтық бөлімшелері қызметкерлерінің де тексеретінін білуі қажет. Бұған қоса, Банк пен Қор мемлекеттік және құқық қорғау органдарына осы бағдарлама аясында алынған несие жайлы бүкіл ақпаратты бере алады.
Кәсіпкерлер өздерінің алған несиесі жайлы ақпараттың БАҚ беттерінде жариялануы түсіністікпен қарауы керек. Ал қарыз алушы туралы өзге мәліметтер ашық ақпарат көздеріне шықпайды.
- Банктерде өз талаптарын қоя алады деп жатырсыздар. Ал кәсіпкердің ұсынысынан банктер қандай жағдайда бас тартуы мүмкін?
- Банктер өздерінің ішкі тәртібіне байланысты және несиелік комитетінің шешіміне байланысты кәсіпкерге несие беруден бас тарта алады. Егер де кәсіпкер банк тарапынан несие беру бас тартылғандығын әділетсіз деп бағаласа, «Даму» Қорының жергілікті бөлімшелеріне, жергілікті кәсіпкерлік қауымдастықтардың бөлімшелеріне хабарлассын. ҚазАқпараттан анықтама: Осы салада толғандырып жүрген сауалдарды vopros@samruk.gov.kz электронды поштасына жіберуге болады.