Шахандағы жаңа қазандық құрылысына әкімдік шамамен 3 млрд теңге сұрады

Әкімдік республикалық бюджеттен 2 миллиард 800 миллион теңге сұрады.
«Орталық қазандық құрылысының құны - 2 миллиард 800 миллион теңге. 2014 жылғы жобалық-сметалық құжаттама дәл осы сомаға құрылған», - деп хабарлады Қарағандыдағы брифингте Шахан қаласының әкімі Сержан Аймақов.
Аймақовтың айтуынша, елді мекенге орталықтан жылытатын қазандық керек.
«Шаханда 107 үй кішкене пешпен жылынып отыр. Ондай пештер тұрғындар өмірі үшін аса қауіпті», - деді әкім.
Ресми деректер бойынша, Шаханда 14 автономды жылыту жүйесі бар, олар 14 көпқабатты үйді жылытады және жертөледе орналасқан.
Еске сала кетсек, биыл 1 қаңтарда кешкі 22:40-та Қарағанды облысы Шахан елді мекенінде бесқабатты үйдің жертөлесіндегі жылу қазандығы жарылды. Салдарынан төртінші кіреберіс қирады. 9 адам мерт болып, екі адам жараланды.