Шахмат олимпиадасы: Қазақстан құрамасы көш бастап келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан шахматтан 45-ші Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 9-шы турдан кейін көш басына көтерілді.
Тоғызыншы турда Қазақстан құрамасы басты фавориттің бірі Польшамен сынға түсіп, нәтижесінде қарсыластарын 2,5:1,5 есебімен қапы қалдырды. Жеңісті командамызға Алуа Нұрман сыйлады. Ал Бибісара Асаубаева, Меруерт Қамалиденова және Ксения Балабаева өз ойындарын тең нәтижемен аяқтады.
Нәтижесінде, тоғыз турдан кейін Қазақстан құрамасы 16 ұпаймен бірінші орынға шықты. Одан кейінгі орындарда Үндістан (15), Польша және АҚШ (әрқайсысы 14 ұпайдан) орналасқан.
Олимпиада соңына дейін әлі екі тур қалды.
Естеріңізге сала кетейік, 8-турда отандастарымыз турнир кестесінде өздерімен шамалас тұрған Франциядан (2355, №13) 2,5-1,5 есебімен мықтылығын көрсеткен болатын.
Онда Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман қарсыласынан басым түссе, Әмина Қайырбекова тең ойнады. Тек Меруерт Камалиденова жеңіліссіз келе жатқан Миллиет Софиеге шамасы жетпеді.