Шахмат Олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы тағы жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан шахмат Олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы алтыншы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шахмат Олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы тағы жеңіске жетті

Еліміздің әйелдер құрамасы Словакиядан 3,5:0,5 есебімен басым түсті. Қазақстандық шахматшылар қатарынан Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және Гүлісхан Нахбаева жеңіске жетсе, Ксения Балабаева қарсыласымен тең түсті.

Бұл - қазақстандықтардың алтыншы жеңісі. Олар бұған дейін Перу, Куба мен Бельгияны 3:1, Вьетнамды 2,5:1,5, Гватемаланы 4:0 есебімен жеңіп, Моңғолиямен 2:2 есебімен тең түсті. Ал Әзербайжанға 1:3 есебімен жол беріп қойды.

Ал еліміздің ерлер құрамасы бүгін Әзербайжанға 1,5:2,5 есебімен жол беріп қойды.

Ерлер құрамасы бұған дейін Ливан мен Латвияны 4:0, Қытай Тайбейін 3:1, Марокко, Чехия, Испанияны 2,5:1,5 есебімен жеңіп, Тәжікстанға 1,5:2,5 есебімен есе жіберген-ді.

Олардың қатарынан Әлішер Сүлейменов, Ринат Жұмабаев тең түссе, Арыстанбек Оразаев пен Қазыбек Нөгербек қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Ерлер құрамасының еншісінде 6 жеңіс, 2 жеңіліс бар.

Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева Азияның үздік шахматшысы атанғанын, оны бұл жетістігімен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағанын жаздық.