Шахматшы Қазыбек Нөгербек: Бұл – бүкіл Қазақстанның жеңісі

шахмат
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жасөспірімдер арасында шахматтан Азия біріншілігі өтіп жатқан Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әлем чемпионы Қазыбек Нөгербектің қатысуымен баспасөз мәслихаты болды.

Kazinform бұдан бұрын мәлім еткеніндей, Үндістанның Гандинагар қаласында (Гуджарат штаты) шахматтан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем біріншілігінде қазақстандық Қазыбек Нөгербек үздік шыққан еді. Аталған жарысқа 13 гроссмейстер, 27 халықаралық шеберді қосқанда, 123 шахматшы қатысып, бақ сынады. 

Шахматшы Қазыбек Нөгербек: Бұл – бүкіл Қазақстанның жеңісі
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Ел қүрамасының мүшесі, KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының гранттық қолдауының иесі Қ.Нөгербек (2502) 11 турда 8,5 ұпай жинап, чемпион атанып қана қоймай, әлем кубогіне жолдама алды. Әлем кубогі әлем чемпионы атағына үміткерлер іріктелетін турнирдің бір бөлігі болып есептеледі.

Баспасөз мәслихатын ашқан KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов Қазыбек Нөгербектің жеңісін қыздар ғана емес, Қазақстан ерлер құрамасы мүшелерінің жоғары табысын паш ететін «Қазақстанда шахматты дамыту тарихының жаңа парағы» деп бағалады.

«Біз бүгін KazChess тарапынан қолдаудың бір жемісін көріп отырмыз. Осы жеңісті ескере отырып, Қазыбекке көрсетілетін қолдау аясы бұдан да кеңейе түсетін болады», - деді Д.Сәдуақасов.

KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова Қазыбек Нөгербекті қазақтың ұлы биімен салыстырып, оны ХХІ ғасыр чемпионы деп атады. Қазыбекті 10 жылдан астам уақыт бойы баптап келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ержан Шәкенов шәкіртінің шахматшы ретінде өз шеберлігін үнемі жетілдіріп келе жатқанын атап өтті. 

Шахматшы Қазыбек Нөгербек: Бұл – бүкіл Қазақстанның жеңісі
Фото: Kazinform

«Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауын көргеннен кейін қатты қуандым. Қазір мен аздап толқып отырмын. Бұл – өте үлкен нәтиже, әлі сене алар емеспін. Бұл – бүкіл Қазақстанның жеңісі. Бәріңізге мың алғыс», - деді Қазыбек.

Ол әлем кубогінде сәтті өнер көрсетіп, рейтингтік ұпайын 2 600-ден асыруға тырысатынын жеткізді.

«Әлем чемпион атағынан үміткерлер жарысында бақ сынап, қазақстандықтар арасында бірінші болып 2 700 ұпай жинағым келеді», - деді Қ.Нөгербек.

Соңғы жаңалықтар
telegram