Шахматтан ләззат алу керек, сонда ғана нәтиже болады – 17 жастағы Меруерт Камалиденова жайлы не білеміз

- Меруерт , алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз?
- Астанада туып-өстім, жасым 17-де. №54 мектептің 11 сынып оқушысымын. Үйде үш ағайындымыз, екі ағам бар. Шахматпен 6 жасымнан бастап айналысып келемін. Кішкентайымда үйде әкеммен шашка ойнаудан бастадым. Кейін шахмат үйірмесіне берді, маған ұнады. Сондықтан сол кезден бері тұрақты айналысып келемін. 6 жасымнан бастап шахмат бойынша қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып жеңімпаз атандым. Шахмат пен сабақтан тыс, бос уақытымда жекпе-жек өнері, қоян-қолтық ұрысы және дзюдомен айналысамын. Сонымен қатар ас әзірлеп, кітап оқыған да ұнайды.
- Соңғы кезде шахматтан қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
- Әйелдер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы атандым, сонымен қатар қыздар арасында да бірнеше рет ел чемпионатын жеңіп алдым. Сол сияқты 20 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегерімін. Одан бөлек, жасөспірім қыздар арасында шахматтан әлем чемпионы болдым.

- Сіз Астанада шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы мен әлем құрамасы арасындағы матчта әлемнің төрт дүркін чемпионы, қытайлық Хоу Ифаньды жеңдіңіз. Ойын қиынға соққан жоқ па? Жеңіске жеткен кезде қандай сезімде болдыңыз?
- Бізде қытай шахматшысымен төрт ойын болды. Алғашында жеңілдім, қалған үш ойында жеңіп шықтым. Аса қобалжу болған жоқ. Шахматқа кіріскен кезде, сенің алдыңда кім отыр оны ойламайсың, бар ойың ойында болады. Жалпы шахматты интеллектуалды спорт түріне жатқызады. Бұл жерде ойлаудан бөлек, логика және шыдамдылық маңызды. Өз басым шахматшыға ең керек қасиеттің бірі төзімділік дер едім. Көбіне шахматты математикамен байланыстырып жатады, иә, ол рас. Бірақ математикаға мүлдем жақын емес, тіпті оны ұнатпайтын, алайда жетістікке жетіп жүрген шахматшылар бар. Мен шахматты математикадан гөрі геометриямен байланыстырар едім.
- Шахматқа қатысты түрлі пікір бар. Біреулер ол адам бойына туа бітетін талант десе, екіншісі жеңіс тек еңбектің арқасында келеді деп жатады. Осы орайда сіздің ойыңыз?
- Менің ойымша, шахматта жоғарыда аталған екі қасиет те маңызды әрі керек. Дегенмен еңбекқор адам ерекше талант иесін жеңіп кетуі мүмкін. Кез келген салада нәтиже, жеңіс 1% талант, 99% еңбектен тұрады деген қағиданы ұстанамын. Мен шахматпен күніне 3-6 сағат айналысамын. Жаттықтырушыммен бірге, кейде өз бетімше. Шахмат тек ойыннан тұрмайды. Кітаптар оқып, онлайн платформалар арқылы біліктілікті арттырып отыру қажет. Сол сияқты басқа шахматшылардың ойынын қарап отырып та біраз дүние үйренуге болады.

- Шахмат тан алдағы жоспарыңыз туралы айта кетсеңіз? Қандай турнир, жарыстар күтіп тұр?
- Алда шахматтан командалық Азия ойындары бар. Одан кейін әлем кубогі күтіп тұр. Болашақта қатысатын жарыстар көп, оған тынымсыз дайындалу керек. Әрине, алдымен іріктеу кезеңінен өту маңызды.
- Сіз шахматта ауқымды жетістіктерге жет іп үлгерген екенсіз. Осыған қарамастан сіз туралы БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде көп айтылмайтын секілді. Оның себебі неде?
- Мен әлі өзімді жас санаймын, шахматтан тәжірибемді жетілдіре түскім келеді. Журналистерге де көп сұхбат бере қоймаймын және әлеуметтік желіде де аса белсенді емеспін. Әлеуметтік желіге арасында ғана фотоларымды жариялап тұрамын. Жалпы шахматтағы әріптестеріммен жақсы қарым-қатынастамын. Бибісара, Жансаямен жақын араласамын.
- Жарыста жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ұтылған сәттерден қандай сабақ аласыз?
- Ойын барысында шахматтан ләззат алу керек, сонда ғана нәтиже болады. Яғни рахаттанып ойнау қажет, тіпті жеңіліп қалғанның өзінде. Мен жеңілген жағдайда ол туралы ойламауға тырысамын, тек жіберген қателігімді саралаймын, сабақ аламын. Алда қателік жібермеуге тырысамын. Бала кезімде жеңіліп қалсам - жылайтынмын, есейе келе ол әдет тыйылды. Қазір ұтылсам, келесі партияда жеңуім мүмкін, себебі бұл ойын. Бүгінде шахматтан бөлек емтихандарға дайындалып жүрмін. Бірақ, әзірге жоспар шахматты жалғастыру, ал жоғары білім алу жағын уақыт өте келе қарастырамын. Қандай мамандыққа түсетінімді әлі нақты шешкен жоқпын. Дегенмен отандық және шетелдік бірнеше университ гранттарын ұсынып, оқуға шақырып жатыр.
Сондай-ақ, біз Меруерт Камалиденованың жеке жаттықтырушысы Ержан Шәкеновті де әңгімеге тартқан едік.

«Әрине, шәкірттердің жеңісі жаттықтыршыны сөзсіз қуантады. Меруертке келсек, оның жеңістері -таза еңбектің арқасы. Қытайдан келген бірнеше дүркін әлем чемпионынан басым түсуі де сол еңбекпен келіп отыр. Шахматта нәтижеге қол жеткізуде 80-90%-ы ойыншыға байланысты. Меруертті шахматқа келген 6 жасынан бастап жаттықтырып келемін. Негізгі екі жаттықтырушы, одан бөлек қосымша бапкерлері бар. Алда жоспар көп, Меруертті айқын мақсаттар күтіп тұр. Шәкіртім жас болса да қазақстандық және халықаралық деңгейдегі шахматшыларға есе жібермейді, өкшелеп келеді», - дейді ол.

Еске салсақ, Қазақстан әйелдер құрамасы Әлем құрамасымен матч өткізіп, жеңіліп қалды.
Әр құрама екі командадан құралды. «А» командасына - төрт ересек спортшы, ал «В» командасына 14 жасқа дейін, 16 жасқа дейін, 18 жасқа дейін және 20 жасқа дейінгі спортшылар кірді. Қазақстандық «А» командасына Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, «В» командасына Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Лия Құрманғалиева, Зарина Нұрғалиева кірді.
- Әңгімеңізге рахмет!