Шахматтан сенсация жасаған Әлішер Сүлейменов Павлодардағы турнирге келді

Павлодарда өтетін шахмат турнирінде әлем чемпионы Магнус Карлсенді жеңген гроссмейстер Әлішер Сүлейменов өнер көрсетеді. Халықаралық деңгейде өтетін турнирде бес құрлықтың шахматшылары бақ сынайды, деп хабарлайды Kazinform.

Гроссмейстер Алишер Сулейменов
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

Павлодар — Әлішер Сүлейменовтің алғаш шахмат ойнап үйренген туған қаласы. Қазір гроссмейстер небәрі 23 жаста.

Бір апта бұрын ғана Әлішер Дохада өткен турнирде әлемдік рейтингтің басында тұрған норвегиялық Магнус Карлсенмен ойнап, сенсациялық жеңіске жетті. Осы жеңісінің арқасында ол әлем назарындағы ең мықты шахматшылардың біріне айналды.

— Біздің кездесуіміз жеребе арқылы анықталды, мен онымен жай ғана ойнайтыныма қуандым. Жеңу маңызды болмады. Әлемнің менмін деген мықты шахматшылары ойнауды армандаған Магнуспен кездесу бақыты маған бұйырды. Бір қызығы партия соншалықты қиын болған жоқ, өйткені Магнус өті әлсіз ойнады. Мен әр қадамымды ақылға салып, әдеттен тыс ештеңе жасамадым. Былайша айтқанда, Магнусты жіберген қателіктері үшін жазалап қана отырдым, — дейді Әлішер Сүлейменов.

Бұл — Әлішер үшін мансабындағы ең үлкен жеңіс. Бұған дейін шахматшы үшін өткен жылы Ченнаи қаласында өткен турнирге қатысқаны ең маңызды жетістік болған. Ол кезде Қазақстан ерлер құрамасы 40-шы орында болып, жеңіске үміті аз еді.

Алишер Сулейменов
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

Турнир барысында қазақстандықтар рейтингі әлдеқайда жоғары Испания құрамасымен кездесті.

Сонда Әлішер ТОП-80 ойыншысына қарсы ойында сенімді түрде жеңіске жетті. Соның арқасында Қазақстан құрамасы сенсациямен испандықтардан басым түсті.

Әлішер шахматқа кеш келді: тоғыз жасында ғана толық ойнауға кіріскенімен, өз қатарластарын басып озды.

— Негізі алты жасымда ойнап бастадым, бірақ ол кезде шахматқа үлкен қызығушылық болған жоқ. Бір-екі сабақ алдым да, жалғастырмауды жөн көрдім. Кейін әкем мен ағамның ойнағанын жиі көретінмін, соларды жеңгім келді. Досыма еріп шахматқа кездейсоқ келдім. Әрине, шахматты алты жастан бастаған дұрыс, мен тоғыз жастан бастадым, бірақ бір жылда басқаларды қуып жетіп, барлық деңгейді аяқтадым, — дейді Әлішер Сүлейменов.

шахматы
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

Қазір шыңдала түсу үшін ол күніне бес сағатты шахмат тақтасында өткізеді. Оның үстіне ұзақ ойындарда шаршап қалмау үшін жаттығу залына барады.

— Дене шынықтыруға көп көңіл бөлемін. Жаттығу залына барып, аптасына он сағат жүйелі түрде жаттығамын, бұл маған көп көмектеседі. Шахматта дене дайындығы маңызды, өйткені біз 5-6, кейде 7 сағат ойын ойнаймыз. Ойынның бесінші сағатында басыңыз айналып, әлсіреп кетуіңіз мүмкін, сондықтан неғұрлым төзімді және физикалық тұрғыдан күшті болсаңыз, соғұрлым жақсы, — деп түсіндіреді шахматшы.

Қазір Әлішер жалпы жүлде қоры 23 млн теңгені құрайтын «Pavlodar-OPEN 2023» халықаралық турниріне қатысып жатыр. Турнирге 20 елден 230 спортшы келген.

Оның ішінде 60-тан астам халықаралық дәрежедегі шеберлер мен гроссмейстерлер бар. Турнир 31 қазанда аяқталады. Жеңімпазға 4 миллион теңге беріледі.

шахматы
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

Естеріңізге сала кетейік, әлемнің бес дүркін чемпионы Магнус Карлсен Qatar Masters турнирінде 23 жастағы қазақстандық гроссмейстер Әлішер Сүлейменовтен сенсациялық жеңілісін «қарсыласының қолындағы сағатына байланысты зейінін жоғалтуымен» түсіндірді. 

Видеода Павлодарда өтіп жатқан турнирде Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов шахматшының сағатына қатысты әзіл айтады.

шахматы
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform