Шахтадағы апат: Өзбекстан да Қазақстан халқына көңіл айтып жатыр
Жалпыұлттық аза тұту күнінің жариялануына байланысты бүгін Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде еліміздің Мемлекеттік Туы төмен түсірілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Шетелдік дипломаттар, Өзбекстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, қоғам мүшелері шахтадағы апаттан қаза тапқандардың отбасылары мен жалпы Қазақстан халқына қолдау сөздерін айтып, елшілікте ашылған Көңіл айту кітабына жазба қалдырып жатыр.

«28 қазанда Қарағанды шахтасында болған қайғылы оқиға туралы хабарды қайғыра қабылдадық. Көптеген адамның өмірін қиған бұл жайтты біз қазақ халқымен бірге бастан өткеріп отырмыз. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ достық қарым-қатынастағы қазақ халқына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз», - деп жазды Беларусь Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леонид Маринич Көңіл айту кітабына.

Еске салайық, Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қайғылы оқиғаға байланысты 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қоса кетсек, бүгін сағат 14:00-дегі мәліметке сай, Костенко атындағы шахтада 38 адамның денесі табылды, 8 кеншіні іздеу жалғасуда.