Шахтинск тұрғыны жалған ПТР тест үшін жауапкершілікке тартылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жалған ПТР тестіні қолданғаны үшін жас жігіт қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот оған 20 АЕК дейін айыппұл тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Пандемия басталғаннан бері Қарағанды облысының Абай аудандық Полиция басқармасы COVID-19-дың жалған ПТР тестін алғаш рет анықталды.
«Шахтинск қаласының 24 жастағы тұрғыны түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан досымен қысқа мерзімді кездесуге баруға тырысты. Бұл ретте ол COVID-19 теріс нәтижесі көрсетілген зерттеу қорытындысын ұсынды. ҚАЖ қызметкерлері осы құжаттың түпнұсқа екеніне күмән келтіріп, оны шығарған медициналық мекемеге хабарласқан. Дәрігерлер жас жігіттің оларға жүгінбегенін және ешқандай зерттеу жүргізбегенін хабарлады«, - деп мәлімдеді Қарағанды облысының ПД.
Абай аудандық ПБ-да Қылмыстық кодекстің 385-бабы «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында құқық бұзушы жалған құжат дайындағанын мойындады. Қылмыстық іс Абай аудандық сотының қарауына берілді. Сот жігітке 20 айлық есептік көрсеткіш – шамамен 60 мың теңге мөлшерінде айыппұл тағайындады. Полицейлер әдейі жалған құжат қолданғаны үшін кінәліге қылмыстық жауапкершілік төніп тұрғанын ескертеді. Қылмыстық кодекстің тиісті бабы осы іс-әрекет үшін 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл түріндегі жазаны не 160 сағатқа дейінгі мерзімге түзеу немесе қоғамдық жұмыстарды не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді.