Шахтинскіде кеншілердің қаза табу оқиғасына байланысты мемкомиссия құрылды

Метан газының кенет таралуының себебін анықтау және жұмыс жүріп жатқан қыртыстарда газ болуы мүмкін екендігі туралы болжамның жасалмауына жауапты лауазымды тұлғаларды айқындау жұмыстарын Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Еңбекті қорғау басқармасының қызметкерлері, өндіріс және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары жүргізеді.
«Біздің мамандар комиссия құрамында екендігі туралы хабарлама алдық. Қазір шахтада жұмыс тоқтатылған, авариялық кенжардың газдан тазартылуын күтеміз. Өз құзыретіміз шеңберінде шахта жайлы бүкіл мәліметтерді жинап жатырмыз», - дейді өндіріс және индустриалды-инновациялық даму басқармасындағылар.
Мемлекеттік комиссияның тергеу нәтижелері оның қызметі аяқталғаннан кейін анық болады. Заңдылыққа сәйкес, комиссия кенеттен метан газының таралуының мән-жайын 10 күн бойы тексереді. Комиссия қорытындылары алдағы уақытта ішкі істер органдарының тергеушілеріне Қылмыстық Кодекстің 156-бабының «абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» деп аталатын 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық істі одан әрі тергеу амалдарын жүргізу үшін беріледі.
Газ шахтаның батыс желдеткіш ұңғысында 614 метр тереңдікте таралғаны анықталды.
Еске сала кетейік, полиция «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстанская» шахтасында еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде. Тергеу амалдары Қылмыстық Кодекстің 156-бабының «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» деп аталатын 4-бөлігіне сәйкес жүргізілуде. Іс қандай да бір тұлғаға қатысты емес, топтық қайғылы оқиға фактісі бойынша тергеліп жатыр.
Компаниядағылар қайғылы оқиға туралы кеңірек айтып берді. «332 Д6-1-3 желдеткіш ұңғысындағы метанды бақылау құрылғысынан келетін ақпарат кенет жоғалған. Автоматтанған газдан қорғаныс жүйесінің операторы мәліметтің кенет жоғалғаны және шахтаның батыс желдеткіш ұңғысында метан деңгейінің артып жатқаны туралы тау диспетчеріне жылдам хабарлайды. Шахта басшылығы тез арада жағдайды анықтау шараларын жүргізген: кенжарға Әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің екі бөлімшесі мен сол учаскенің тау шеберін жіберген. Шамамен таңғы сағат алтыда сол ұңғыдан ес-түссіз жатқан үш жұмысшы табылған», - делінеді «АМТ» компаниясының баспасөз қызметінің баяндамасында.
Топтық қайғылы оқиғаның алдын ала себебі ретінде метанның кенет таралуы, яғни газодинамикалық құбылыс аталуда.
«Оқиға кезінде шахтада 132 адам болған, соның 129-ы апатты жою жоспарына сәйкес өздері жердің бетіне шыққан. Әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің 49 қызметкері мен 9 техника апатты жою жұмыстарын жүргізуге тартылды. Компания басшылығы мен қызметкерлері қаза болғандардың отбасы мен туыстарына қайғысына ортақтаса көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасына толық көлемде көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімінің барлық шығындарын компания өз мойнына алады», - деп хабарлайды компания баспасөз қызметі.
Еске салайық, 31 тамыз, таңғы сағат 4-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасының ұңғысында кенет метан тараған. Түнгі ауысымдағы 136 адам шұғыл түрде жер бетіне шыққан. Апат учаскесінде төрт шахтер жұмыс істеп жатқан. Үшеуінің денесі табылған, төртінші жұмысшыны ҚР ИДМ Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің «ӘАҚҚ «Көмір» әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі іздестіруде.