Шахтинскіде сот 2 миллион теңгені иемденіп кеткен банк қызметкерін шартты түрде бас бостандығынан айырды

Бұл туралы облыстық Экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова хабарлады.
«Қазақстан халық банкі» АҚ Новодолин бөлімшесінің бақылаушы-кассирі өзінің қызметтік лауазымын пайдалану арқылы 2008 жылдан 2010 жыл аралығында алдау арқылы бес салымшының 2 миллион теңгесін иемденген. Салымшылардан депозитке салам деп жинап алған ақшасына банк қызметкері кіріс ордерін бермей, қаржыны кассаға салмаған», - деп түсіндірді іс туралы қаржы полициясының баспасөз хатшысы.
Қылмыскер әйел ауыл тұрғындарының сенімін пайдаланған, деп санайды қаржы полициясындағылар. «Новодолинде ол кассир болып 2003 жылдан бері жұмыс жасаған. Ол ауыл тұрғындарын, ал олар оны жақсы білген. Сондықтан зардап шеккендер депозитке салатын ақшаларын еш сезіктенбей беріп отырған. Ал ол қарапайым азаматтарды алдап келген. Жинақтау кітапшаларында жазба жазғанымен, ақшаларды кассаға салмай, өзі иемденіп отырған», - деп хабарлады Г.Сүлейменова.
Сот банк қызметкерін аса ірі көлемде алаяқтық жасады (ҚР ҚК 177-бабы, 3-тарауы «б») деп айыптап, оған екі жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті.